Бүгін Шымкент қаласының «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан мекемелердің мамандарымен синтетикалық есірткінің қауіпі мен Шымкент қаласы аумағындағы еңбек қатынастарының жағдайы туралы жиын өтті. Жиынға қалалық прокуратураның басқарма прокуроры Қ.Дәрібай, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясының басқарма басшысы Б.Қалжанов және Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ж.Құрманбек қатысты.
Жиын басында қалалық прокуратураның басқарма прокуроры Қ.Дәрібай қоғамға үлкен қауіп төндіріп отырған нашақорлық жайында сөз қозғады.
–Синтетикалық есірткілер жасанды химиялық заттардан жасалады. Көбіне мұны есірткіге қауіпсіз балама деп сатады. Ал, шындығында химиялық есірткі адам болжап болмайтын қауіпті әсерге ие. Мұны қолдан жасағанда химиялық элементтер дұрыс араластырылмай, қабылдаған адам бірден қайтыс болуы да мүмкін. Негізінде синтетикалық есіткіні тұрақты қолданатын адамдар 5 жылдан артық өмір сүре алмайды. Мұндай нашақорлар көбіне жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болады. Нашақор болған адамда ең алдымен еңбек өнімділігі төмендеп, жұмысынан айырылады. Қоғамда абройынан, жақындарынан, отбасынан және баспанасын да жоғалтып алады. Сондықтан бұл індетпен қоғам болып бірге күресейік, - деді Қ. Дәрібай.
Мұнан кейін Шымкент қаласының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов өндіріс орындарында еңбек заңдылығы жайында баяндады. –Осы жылдың 10 айында азаматтардан еңбек құқығы бұзылғаны жайында 1301 арыз түсті. Соның аясында мекемелерге 277 тексеру ұйымдастырдық. Байқалғандай ең көп құқықбұзушылық жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы төлемеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бұзу жағдайы жиі кездеседі. Бұл әкімшілік құқықбұзушылық болғандықтан ескерту мен айыппұл төлеуге алып келеді. Ірі кәсіпорындарға 150-200 АЕК, шағын кәсіпорындарға 60 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Азаматтарымыз ең алдымен жұмысқа орналасар алдында еңбек шартын жасау қажеттігін айтып өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жыл соңына дейін жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдердің алдын алуға және болдырмауға бағытталған 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек Тұжырымдамасын қабылдауға тапсырма бергені жөнінде жиын барысында түсіндірілді.
Жиын соңында Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ж.Құрманбек ұжымдық шарт жасасудың маңыздылығы туралы айтып өтті.