
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Жеңіс Тіллабайұлы Мақұлбаев «ЕҢБЕК КҮНІ» қарсаңында Шымкент көлік клледжінде «Еңбек береке бастауы» тақырыбында семинар өткізді.
Семинар барысы пікір алмасу мен сұрақ жауапқа ұласып жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуы басты назарда екені айтылды.
Жұмыс орнының қысқаруы туралы
Еңбек Кодексінің 52-бабы 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
Егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда еңбек шартын бұзу туралы жұмыскерді кемінде бір ай бұрын хабардар етуге міндетті. Еңбек шартын жұмыскердің келісімімен бұзу хабардар ету мерзімі өткенге дейін жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына екі жылдан аз қалған жұмыскерлермен еңбек шартын жұмыс беруші өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің тең санынан құрылған комиссиясының оң шешімінсіз жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Сонымен қатар, жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігі және демалыста жүрген кезеңінде еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Сондай-ақ, жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүктi әйелдермен, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-анамен, аталған балалар санатын ата-анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдармен жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылуы бойынша жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Еңбек Кодексінің 131-бабына сәйкес, жұмыскерлердің саны немесе штаты қысқартылуы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші жұмыскерге бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.