
Еңбек Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 56) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) қоса атқарылатын жұмыс – жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы.
Сәйкесінше, қызметкер қоса атқарылатын жұмыс туралы еңбек шартын өзі бұрыннан еңбек қатынасында тұрған бір жұмыс берушімен (негізгі жұмыс орны бойынша) да, бірнеше жұмыс берушімен де жасауға құқылы.
Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс.
Осыған байланысты, негізгі жұмыста және қоса атқаратын жұмыста істейтін қызметкер барлығы күніне 12 сағаттан аспай еңбек міндеттерін атқара алады.
Кодекстің 26-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес медицина қызметкерлерін қоспағанда, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді қоса атқаратын жұмысқа орналастыруға жол берілмейді.
Басқа жұмыс берушімен қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасау үшін қызметкер негізгі жұмыс орны бойынша еңбек пен еңбек жағдайларының сипаты туралы анықтаманы ұсынады (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) (Кодекстің 32-бабы 4-тармағы). Кодекстің 52-бабы 2-тармағына сәйкес, Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты осы жұмыс ол үшін негізгі болып табылатын жұмыскермен еңбек шартын жасасқан жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерге ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы негізгі жұмыс бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі. Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы негізгі жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс беруші қызметкер – қосымша жұмысшының өтініші бойынша оған демалыстардың ұзақтығындағы айырманы құрайтын күндерге жалақы сақталмайтын демалыс береді (Кодекстің 92-бабы 5-тармағы). Осылайша, қосымша жұмыс кезінде жалпы негізде жеке еңбек шарты жасалатындықтан, қосымша жұмысшыларға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген барлық құқықтар мен кепілдіктер беріледі (оның ішінде жалақыны есептеу, міндетті аударымдар және салық салу бөлігінде).
Осыған байланысты, қосымша жұмыс кезінде қызметкерге ақылы жыл сайынғы еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға жәрдемақы (егер ол көзделсе) негізгі лауазым бойынша да, қосымша жұмыс лауазымы бойынша да төленеді.
Қоса атқаратын жұмыс кезінде тиісті ақпарат Еңбек шарттарының бірыңғай есебі жүйесіне (ЕШБЕС) енгізіледі және қызметкердің өтініші бойынша оның еңбек кітапшасына жазылады.
видеоның толық нұсқасын ссылкадан көре аласыз: https://www.facebook.com/shymkentenbekinspektsia