ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРГЕ ЖӘНЕ БАЛАЛАРЫ БАР ЖҰМЫСКЕРЛЕРГЕ БЕРІЛЕТІН ЕҢБЕК КЕПІЛДІКТЕРІ ТУРАЛЫ

ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРГЕ ЖӘНЕ БАЛАЛАРЫ БАР ЖҰМЫСКЕРЛЕРГЕ БЕРІЛЕТІН ЕҢБЕК КЕПІЛДІКТЕРІ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша депертементінің басшысы Ж.Мақұлбаев және бас маман-мемлекеттік еңбек инспекторы Н.Бектай  халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жүкті әйелдерге, балалары бар жұмыскерлерге, сондай-ақ бала күтімі жөніндегі демалыста жүрген адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негізгі еңбек кепілдіктерін түсіндіру мақсатында еңбек ұжымымен кездесіп сұрақтарына жауап берді.

Ана болуды, әке болуды және балалық шақты қорғау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде еңбек ету құқығын қамтамасыз етуге, жұмыспен қамтуды сақтауға, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға және жұмыскерлердің жүктілігіне, баланың дүниеге келуіне және тәрбиесіне байланысты кемсітушілікке жол бермеуге бағытталған кепілдіктер кешені көзделген.

  1. Жұмысқа қабылдау кезіндегі кепілдіктер

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 25-бабы)

Жүктілік, үш жасқа дейінгі баланың болуы, кәмелетке толмау және мүгедектік еңбек шартын жасасу құқығын шектеуге негіз бола алмайды.

Жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктілікке немесе жас балаларының болуына байланысты жұмысқа қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.

  1. Әйелдер еңбегін жекелеген жұмыстарда пайдалануға қойылатын шектеулер

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабы)

Әйелдердің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды қолмен көтеруіне және тасымалдауына жол берілмейді.

Бұл норма әйелдердің денсаулығын сақтауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.

  1. Жүкті әйелді жеңіл жұмысқа ауыстыру

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 44-бабы)

Медициналық қорытынды негізінде жұмыс беруші жүкті әйелді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауыстыруға міндетті.

Бұл ретте жұмыскердің бұрынғы жұмысындағы орташа жалақысы сақталады.

Тиісті жұмыс берілгенге дейін жүкті әйел орташа жалақысы сақтала отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатылады.

  1. Еңбек шарты мерзімін ұзарту

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 51-бабының 2-тармағы)

Жүкті әйел он екі және одан да көп апта мерзімдегі жүктілігі туралы медициналық қорытындыны және жазбаша өтінішін ұсынған жағдайда жұмыс беруші еңбек шартының мерзімін бала күтімі жөніндегі демалыс аяқталған күнге дейін ұзартуға міндетті.

Бұл кепілдік үш жасқа дейінгі баласы бар және бала күтімі жөніндегі демалысты пайдаланатын жұмыскерлерге де қолданылады.

  1. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан шығарудан қорғау

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52 және 54-баптары)

Жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына не өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты жұмыс берушінің бастамасы бойынша мына адамдармен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді:

  • жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтама ұсынған жүкті әйелдермен;
  • үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен;
  • он төрт жасқа дейінгі баланы (мүгедектігі бар баланы – он сегіз жасқа дейін) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен;
  • көрсетілген балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен.

Сонымен қатар, заңнамада тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысында, жалақысы сақталмайтын демалыста, жүктілікке және босануға байланысты демалыста, сондай-ақ бала күтімі жөніндегі демалыста болған кезеңде жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан шығарылмайды.

  1. Жүктілікке және босануға байланысты демалыс

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 99-бабы)

Уақытша еңбекке жарамсыздық парағының негізінде әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты демалыс беріледі.

Демалыстың ұзақтығы:

  • босанғанға дейін – күнтізбелік жетпіс күн;
  • босанғаннан кейін – күнтізбелік елу алты күн;
  • босану ауыр өткен немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс күн.

Демалыс жұмыс берушідегі жұмыс өтіліне қарамастан толық көлемде беріледі.

  1. Бала үш жасқа толғанға дейін бала күтімі жөніндегі демалыс

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 100-бабы)

Жұмыс беруші бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

Бұл демалысты пайдалануға:

  • ата-аналардың таңдауы бойынша – баланың анасы немесе әкесі;
  • баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ана;
  • баланы нақты күтуді жүзеге асыратын жақын туысы;
  • жаңа туған баланы асырап алушы құқылы.

Демалыс толық көлемде немесе бөліктерге бөлініп пайдаланылуы мүмкін.

Демалыс кезеңінде жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

Бала күтімі жөніндегі демалыста болған уақыт Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жалпы еңбек өтіліне, мамандығы бойынша еңбек өтіліне және ұйымдағы жұмыс өтіліне есептеледі.

  1. Бала күтімі жөніндегі демалыстан мерзімінен бұрын шығу құқығы

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 100-бабының 4-тармағы)

Жұмыскер бала күтімі жөніндегі демалыс мерзімі аяқталғанға дейін жұмысқа шығуға құқылы.

Жұмыскер жұмысқа шығу ниеті туралы жұмыс берушіні жұмысқа кірісерден кемінде бір ай бұрын хабардар етуге міндетті.

  1. Толық емес жұмыс уақытына құқық

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 70-бабы)

Жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың бірінің, сондай-ақ бала күтімін жүзеге асыратын өзге де адамдардың жазбаша өтініші бойынша жұмыс беруші толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті.

Толық емес жұмыс уақыты жағдайында жұмыс істеу жұмыскерлердің еңбек құқықтарын, оның ішінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына құқықты, еңбек өтілін есептеуді және өзге де еңбек кепілдіктерін шектемейді.

  1. Жүкті әйелдерді жекелеген жұмыс түрлеріне тартуға қойылатын шектеулер

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 76, 77 және 85-баптары)

Жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтама ұсынған жүкті әйелдер:

  • түнгі уақыттағы жұмыстарға;
  • үстеме жұмыстарға;
  • демалыс және мереке күндеріндегі жұмыстарға жіберілмейді.

Бұл шектеулер ана мен болашақ баланың денсаулығын қорғау мақсатында белгіленген.

  1. Балалары бар жұмыскерлерге берілетін қосымша кепілдіктер

Жеті жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, сондай-ақ балаларға күтім жасайтын немесе балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де қызметкерлер медициналық көрсетілімдер бойынша тыйым салынбаған жағдайда ғана және өздерінің жазбаша келісімімен түнгі, үстеме жұмыстарға, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыстарға тартылуы мүмкін.

  1. Баланы тамақтандыруға арналған үзілістер

(Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 82-бабы)

Бір жарым жасқа дейінгі балалары бар қызметкерлерге баланы тамақтандыру үшін қосымша ақылы үзілістер беріледі.

Аталған үзілістер жұмыс уақытына енгізіледі және орташа жалақы мөлшерінде төленеді.

Еңбек құқықтарының жиі кездесетін бұзушылықтары

Тәжірибеде келесі құқық бұзушылықтар жиі кездеседі:

  • жүктілікке байланысты жұмысқа қабылдаудан бас тарту;
  • жұмыскерді жүктілігіне немесе бала күтімі жөніндегі демалысқа шығуына байланысты жұмыстан шығуға мәжбүрлеу;
  • заңда көзделген кепілдіктері бар жұмыскерлерді заңсыз қысқарту;
  • бала күтімі жөніндегі демалыс беруден бас тарту;
  • толық емес жұмыс уақытын белгілеуден бас тарту;
  • бала күтімі жөніндегі демалыстан шыққаннан кейін жұмыскерді бұрынғы жұмыс орнына қабылдамау;
  • жүкті әйелдерді еңбек заңнамасымен тыйым салынған жұмыстарға тарту.

Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда жұмыскерлер жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаменттеріне жүгіне алады.

Нормативтік негіз

Негізгі кепілдіктер:

  • Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында;
  • Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 25, 26, 44, 51, 52, 54, 70, 76, 77, 82, 85, 99, 100 және 182-баптарында;
  • Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде (жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға және бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемдер бөлігінде);
  • ана мен баланы қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінде көзделген.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жұмыс берушілерді еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға, ал жұмыскерлерді өз еңбек құқықтарын қорғау үшін уақтылы жүгінуге шақырады.

Отбасылық міндеттері бар жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтау әлеуметтік тұрақтылық пен лайықты еңбек қағидатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.