
Алдағы жазғы демалыс кезінде қанша жастағы балаларға жұмыс істеуге болады?
Белгілі бір шарттар сақталған жағдайда кез келген жастағы балалар жұмыс істей алады.
Кәмелетке толмаған балалар қанша жастан жұмыс істеуіне болады?
Он алты жасқа толған азаматтармен тікелей еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
1) орта білім беру ұйымында орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен еңбек шартын түзуге болады.
2) оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен еңбек шартын түзуге болады.
3) кинематография ұйымдарында, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін. Бұл еңбек шарттарына міндетті түрде заңды өкілдері да қол қоюы керек.
Қандай шарттар сақталуы керек?
Баланың оқуына, денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келмеу керек.
Қандай шектеу бар?
Түнгі жұмысқа, үстеме жұмысқа, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарға, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмыс, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау мен сату) он сегіз жасқа толмаған азаматтармен еңбек шартын түзуге болмайды.
Оларды сақтандыру керек пе?
Еңбек Кодексінің талаптарына сәйкес, міндетті түрде сақтандыру керек.
Олардың жұмыс уақыты қандай?
Он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын;
он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.
Кәмелеке толмағандарды еңбек шартын жасаспай жұмысқа қабылдағандарға қандай жаза бар?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 86-бабының 3-тармағына сәйкес мұндай әрекеттер
лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.