
Еңбек Кодексінің (әрі қарай - Кодекс) 1-бабы 1-тармағының 27)-тармақшасына сәйкес Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға дегеніміз - өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан олардың еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне әсер етуі болып табылады.
Кодекстің 186-бабының 3-тармағына сәйкес, тергеп-тексеру барысында жұмыскерлер денсаулығының зақымдануы:
1) жұмыскердің функционалдық міндеттеріне кірмейтін және жұмыс берушінің мүддесімен байланысты емес жұмыстарды немесе өзге де әрекеттерді зардап шеккен адам өз бастамасы бойынша орындаған, оның ішінде вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде ауысымаралық демалыс, тынығу мен тамақтануға арналған үзіліс кезінде орындаған кезде;
2) зардап шеккен адамның алкогольдік масаң күйде болуы, оның уытқұмарлық және есірткі заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалану негізгі себеп болған жағдайда;
3) өз денсаулығына әдейі (қасақана) зиян келтіру нәтижесінде, сондай-ақ зардап шеккен адам қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде;
4) медициналық қорытындымен расталған, зардап шеккен адам денсаулығының өндірістік факторлардың әсерімен байланысты емес кенеттен нашарлауынан болғаны объективті түрде анықталса, олар еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынуға жатпайды.
Денсаулық сақтау ұйымдарының жауапты лауазымды адамдары жұмыскерлердің өндірістік жарақат алуына немесе денсаулығының еңбек қызметіне байланысты зақымдануына орай бастапқы жүгінген әрбір жағдай туралы жұмыс берушілерге және аумақтық бөлімшеге, сондай-ақ кәсіптік қатты ауру (улану) жағдайлары туралы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органды екі жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге тиіс.
Жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы бір тәулік ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшесіне хабарлауға міндетті.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 96 бабына сәйкес Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде хабарламау – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, жұмыс беруші:
1) зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қажет болған кезде оны денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыруға;
2) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға орнындағы жағдайды (жабдықтар мен механизмдердің, еңбек құрал-жабдықтарының жай-күйін), егер бұл басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмесе, ал өндірістік процестің үздіксіздігін бұзу аварияға әкеп соқпайтын болса, оқиға болған кездегі күйде сақтауға, сондай-ақ жазатайым оқиға болған жерді фотосуретке түсіруге;
3) зардап шеккен адамның жақын туыстарын жазатайым оқиға туралы дереу хабардар етуге және тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хабар жіберуге;
4) арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүшелерін еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру үшін оқиға орнына жіберуге міндетті.
Сондай-ақ, Кодекстің 188-бабына сәйкес, арнайы тергеп-тексеруге:
1) ауыр немесе адам өлімімен аяқталған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар;
2) зардап шеккен адамдардың өндірістік жарақаттарының ауырлық дәрежесіне қарамастан, бір мезгілде екі және одан да көп жұмыскерлер ұшыраған еңбек қызметіне байланысты топтық жазатайым оқиғалар;
3) қатты уланудың топтық оқиғалары жатады.
Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеруді аумақтық бөлімше өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытындыны алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде мынадай құрамда құрған комиссия жүргізеді:
1) төраға – мемлекеттік еңбек инспекторы;
2) мүшелері – жұмыс беруші және жұмыскерлердің өкілі.
Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру мерзімі комиссия құрылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тергеп-тексеруді белгіленген мерзімде аяқтауға объективті кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған кезде тергеп-тексеру мерзімдері комиссияның хаттамалық шешімімен он жұмыс күніне екі реттен асырмай ұзартылуы мүмкін.
Арнайы тергеп-тексеру жұмыстары аяқталған соң комиссия акт түзіп, жазатайым оқиғаның еңбек қызметіне байланысты немесе байланысты емес екендігін анықтайды.
Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін мемлекеттік еңбек инспекторы арнайы тергеп-тексеру материалдарының көшірмесін жеті жұмыс күні ішінде аумақтық полиция органына тиісті процестік шешім қабылдау үшін жібереді.
2026 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында 9 (7) жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 2 (3) адам қайтыс болып, 7 (4) адам ауыр жарақат алған. Олар:
1.«КазСтройКапитал LTD» ЖШС - З.Карпикова жол-көлік оқиғасы;
Жазатайым оқиғалар негізінен құрылыс (1), өндіріс (1), спорт (1), коммуналдық қызмет (2), қызмет көрсету (3), байланыс (1) салаларында орын алған.
Орын алған барлық өндірістік жарақаттар бойынша дер кезінде тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, рәсімделген құжаттар тиісінше процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.
Әрбір өндірістік жазатайым оқиғасы бойынша жарақат алу себептерін жою процесі бақылауға алынған.
Өндірістік жарақаттану жағдайлары мен еңбек қауіпсіздігінің жай-күйіне тоқсан сайын талдау жүргізілуде.
Талдау көрсеткендей, 9 жазатайым оқиғаның 2 жол-көлік оқиғасы салдарынан, 4 биіктен құлау, 2 құрылғыға қысылып қалу, 1 электр тоғымен зақымдану салдарынан орын алғаны анықталған.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер - 3 жағдай (33%), зардап шегушінің өрескел абайсыздығы - 4 жағдай (45%), жол-көлік оқиғасы - 2 жағдай (22%) болған.
Бұл өз кезегінде жұмыс берушілер тарапынан жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалау тиісті дәрежеде жүргізілмейтінін және жұмыскерлердің де бұл талаптарды толық сақтамайтындығын көрсетеді.
Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің бірі ретінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылаудың болмауы болып отыр.
Ұйымдастырушылық себептері: Жұмыс жүргізудің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы, кәсіптік тәуекелге бағалау жүргізбеу, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз түрлеріне ауыстыру арқылы оны барынша азайту және болғызбау жөнінде шаралар қолданбау, еңбек тәртібін сақтамау.
Жеке себептері: еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу, жеке қорғаныс құралдарының болмауы немесе оларды дұрыс пайдаланбау, адами фактор (мұқият болмау, асығу).
Департамент тарапынан жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.
Атап айтқанда:
Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек ұжымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша тұрақты түрде семинар-кеңестер өткізіп келеді.
Сонымен қатар, жазатайым оқиғаларға арнайы тергеп-тексеру жүргізу, жоспардан тыс тексеру жүргізу, және профилактикалық бақылау жүргізу барысында міндетті түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Жергілікті құрылыс басқармасы, прокуратура органдары өкілдерінің қатысуымен қаладағы құрылыс объектілерінде, жазатайым оқиғаларға жол берген еңбек ұжымдарында еңбек заңнамасын қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жыл басынан бері 13 еңбек ұжымында еңбек қауіпсіздігі бойынша кәсіптік тәуекелге бағалау жүргізілді, 14 кәсіпорында профилактикалық бақылау жүргізілді, сондай-ақ, өндірістік объектілердің еңбек жағдайлары бойынша аттестаттаудан өткізілуіне, жұмыс берушілердің өз жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша келісім-шарт түзуіне мониторинг жүргізіліп келеді.
Жұмыскерлердің жазатайым оқиға салдарынан зардап шегуі бойынша оларға төмендегіше өтемақы төлемдері төленеді (алгоритм):
1) егер жұмыскер жеңіл немесе ауыр жарақат алған жағдайда тиісті тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіледі, жұмыс беруші тарапынан жұмыскердің еңбекке жарамсыздық парағы бойынша орташа жалақысы (ЕК 133-бабының 4-тармағы) және жарақатына байланысты емдеу шығындары төленеді (Азаматтық Кодекстің 937-бабының 1-тармағы).
2) егер жұмыскерге мүгедектік белгіленгенсе жұмыс беруші тарапынан жұмыскердің еңбекке жарамсыздық парағы бойынша орташа жалақысы (ЕК 133-бабының 4-тармағы) және емдеу шығындарын төлеумен (Азаматтық Кодекстің 937-бабының 1-тармағы) қатар мүгедектікке шыққан кезінде еңбекке қабілетін жоғалту пайызы бойынша ай сайынғы төлем төленеді («Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңының 19-1-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасы).
3) егер жұмыскер қайтыс болған жағдайда жерлеу шығындарын өтеуге 100 АЕК мөлшерінде қаржы төленеді («Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңының 19-бабының 3-тармағы), асыраушысынан айрылған отбасы мүшелеріне ай сайынғы төлем жүргізіледі. (ҚР Азаматтық Кодексінің 940-бабының 3-тармағына сәйкес кәмелетке толмағандарға - он сегiз жасқа толғанға дейiн, он сегiздегi және одан да ересек жастағы оқушыларға - күндiз оқыту нысанындағы оқу орындарындағы оқуы аяқталғанға дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа дейiн; Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған адамдарға - өмiр бойы; мүгедектігі бар адамдарға - мүгедектiк мерзiмiне; қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерін, аға-інілері мен апа-сіңлілерін (қарындастарын) күтумен айналысатын ата-анасының біреуіне, жұбайына не отбасының басқа мүшесiне - олар он төрт жасқа толғанға дейiн не денсаулық жағдайы өзгергенге дейiн өтеледi).