Еңбек құқықтарының қорғалуы

Еңбек құқықтарының қорғалуы

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы –Бектай Н. - Еңбек ету құқығы– Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген әрбір азаматтың ажырамас және негізгі құқығы. Бұл құқық кәсіпті еркін таңдау, лайықты еңбек жағдайлары, әділ жалақы алу және кемсітуден қорғану секілді бірқатар маңызды қағидаттарды қамтиды. Алайда еңбек құқықтарын қорғау мәселесі мемлекеттік қызмет саласында ерекше өзектілікке ие. Себебі бұл сала қоғамдық биліктің тиімді қызмет етуіне, құқықтық мемлекеттің қағидаттарын жүзеге асыруға тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 1-тармағына сәйкес, әрбір адамның еңбек етуге, соның ішінде қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Бұл норма азаматқа өз мүмкіндігі, білімі мен қызығушылығына сай кәсіби жолын таңдауға құқық береді.

Осы баптың 2-тармағы әрбір адамның лайықты және уақытылы ақы төленетін еңбекке құқығы бар екенін бекітеді. Бұл, өз кезегінде, жалақыдағы кемсітушілікті болдырмауға және мемлекеттік қызметшілерді қоса алғанда, барлық қызметкерлердің еңбегін әділ бағалауға кепілдік береді.

Осылайша, Конституцияда еңбек тек экономикалық құрал емес, адамның қадір-қасиетін қорғау мен әлеуетін жүзеге асырудың тетігі ретінде қарастырылады.

Мемлекеттік қызмет — бұл жай ғана жұмыс емес, қоғам мен мемлекетке қызмет етудің бір түрі. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне, тұрақтылығына және ішкі мәдениетіне тікелей байланысты.

Мемлекеттік қызметші — мемлекеттің айнасы. Оның жүріс-тұрысы, біліктілігі, заң мен этика нормаларын сақтай білуі — халықтың билік институттарына деген сенімін қалыптастырады. Алайда қызметтік міндеттер, кез келген еңбек қатынастары сияқты, жеке тұлғаның құқықтарын шектеуге себеп болмауы тиіс.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы бойынша әр азаматтың ар-намысы мен абыройы – қорғалуы тиіс ажырамас құндылық. Бұл талап қызметкердің лауазымына, жынысына, жасына, ұлтына немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан сақталуы қажет екенін атап өтті.

   Сөз алды: Манап Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа  технологиялар колледжі «Құқықтану пәндері» кафедра меңгерушісі Д.Битанова - Еңбек құқығы  бұл азаматтардың еңбек қатынастарына қатысу, еңбек шарты бойынша жұмыс істеу, жалақы алу, қауіпсіз және әділ еңбек жағдайында болу сияқты құқықтары мен міндеттерін реттейтін құқық саласы. Қазақстан Республикасының Конституциясы еңбек құқығын қорғауды қамтамасыз етеді және әрбір азаматтың қауіпсіз, тең мүмкіндікке негізделген еңбек жағдайында жұмыс істеуін кепілдендіреді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында еңбек құқығы айқын түрде қорғалған және әр азаматтың еңбек етуге, өз кәсібін таңдауға, әділ және қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге құқығы бар екені атап көрсетілген. Мысалы, Конституцияның 24-бабының бірінші тармағында әрбір азаматтың еңбек етуге, оның ішінде өз кәсібін немесе мамандығын еркін таңдау құқығына ие екені көрсетілген. Бұл норма еңбек қатынастарының еркіндігін қамтамасыз етеді және азаматқа өз қабілеттері мен мүддесіне сай жұмысты таңдау мүмкіндігін береді, сонымен қатар жұмыс орнында қауіпсіздік пен әділеттіліктің сақталуына кепілдік береді.
Сонымен қатар, Ата заңымыздың жоғарыда аталған бабының екінші тармағы әрбір адамның өз еңбегіне лайықты және уақытында ақы алуға құқылы екенін айқындайды. Бұл норма еңбекке деген әділ бағалауды және қызметкердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, яғни жұмыс беруші еңбекті жалақымен, сыйақымен кемсітушіліксіз қамтамасыз етуге міндетті.
Осылайша, Конституция еңбек құқығын тек экономикалық қатынастармен шектемей, сонымен қатар азаматтардың адамдық қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін қорғау, әділдік пен теңдікті сақтау тұрғысынан да қарастырады. Бұл нормалар мемлекеттік қызметшілердің және барлық азаматтардың құқықтарын қорғаудың құқықтық негізін құрайды, еңбек қатынастарында әділдік пен сенімділікті қамтамасыз етеді. Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен ар-намысын қорғау — қоғамдағы тұрақтылық пен мемлекеттік басқарудың тиімділігінің маңызды факторы болып табылады. Тәртіпті, қауіпсіз және әділ жұмыс ортасы тек заң талаптарының сақталуымен ғана емес, сонымен қатар моральдық-психологиялық атмосфераның дұрыс құрылуымен қамтамасыз етіледі. Жұмыскерлердің, мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін сақтау үшін ұйымда қолайлы жұмыс атмосферасын қалыптастыру өте маңызды. Мұндай ортада қызметкерлер бір-біріне сыйластықпен қарайды, әр қызметкердің кәсіби жетістіктері әділ бағаланады және қызметкерлер өз құқықтары мен міндеттерін біледі, дискриминация мен харассментке жол берілмеуін қамтамасыз етеді.
Бұл қағидалар қызметкерлердің жұмысқа деген сенімін арттырады, кәсіби міндеттерді тиімді орындауға және ұйым ішінде тұрақты ынтымақтастыққа ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайларын, құқықтары мен ар-намысын қорғау — бұл тек заңдық міндет емес, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттік құрылымның мәдениетінің айнасы. Тәртіпті және инклюзивті жұмыс ортасы қызметкерлердің кәсіби өсуіне жол ашып, қоғамдағы тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді. Харассменттің кез-келген формасына қарсы тұру және құқықтық негіздерді жетілдіру — бұл қазіргі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы ретте, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына харассмент ұғымына байланысты енгізілуі тиіс өзгерістердің жобасы даярланғаны қуантарлық жайт. Мемлекеттік қызметтің беделін өсіруде еңбек ұжымдарында еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу, адамның жеке басының қадір-қасиетінің құрметтелуін дәріптеу мәдениетін қалыптастыру — мемлекеттік мекемелердің басшыларына үлкен міндет жүктейді. Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру тек қызметкерлердің кәсіби дайындығына ғана емес, олардың құқықтық және моральдық қорғалуына да байланысты. Еңбек ұжымдарында еңбек құқықтарының бұзылмауы, адам қадір-қасиетінің құрметтелуі, сондай-ақ әр қызметкердің өз пікірін білдіру және кәсіби дамуға тең мүмкіндік алу мәдениетін қалыптастыру — мемлекеттік мекемелердің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады.