Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары-мемлекеттік еңбек инспекторы С.Алиманов жұмыс берушінің жұмыскер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасау міндеттілігі бойынша кестеге сәйкес жұмыс берушілермен семинар-кеңес өткізді.
Семинар-кеңесте С.Алиманов баяндама жасады:
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің (әрі қарай - Кодекс) 23-бабы 2-тармағының 15)-тармақшасына және 182-бабы 2-тармағының 14)-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға және жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы мәліметті еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жіберуге міндетті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңының (әрі қарай - Заң) 8-бабы 2-тармағының 1-1)-тармақшасында сақтанушы, яғни жұмыс беруші өзінің қызметін жүзеге асыруды бастаған айдан кейінгі айдың бірінші онкүндігі ішінде сақтандырушымен қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті екендігі белгіленген.
Сондай-ақ, Заңның 12-бабының 2-тармағына сәйкес Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, ол күшiне енгiзiлген күннен бастап он екi ай мерзiмге жасалады, яғни жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты жыл сайын жасалып отыруы тиіс.
Бүгінгі күнге Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша Шымкент қаласы аумағындағы мемлекеттік мекемелерден басқа белсенді жұмыс істеп тұрған 7 799 жұмыс берушілердің 4 000-ы (51,2%) ғана сақтандыру шартын түзу арқылы өз жұмыскерлерін сақтандырған болса, 3 799-ы (48,8%) жұмыс берушілердің жұмыскерлері сақтандырылмай отыр.
Өз кезегінде, сақтандыру шарттарын жасамаған жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 230-бабының 2-тармағына сәйкес жауапкершілік қаралған, деп атап өтіп.
Мәселенің Үкіметтің бақылауында екендігін ескеріп, тиісті заңнамалардың орындалуын жүзеге асыру мақсатында жұмыс берушілерге сақтандыру шартын түзу міндеттілігін ескертіп, нәтижесін Департаментке (тел: 8702 254 97 98 немесе shym_trud@mail.ru. эл. почтасына) хабарлауды сұрады.