Мәжіліс Дүниежүзілік банкпен Қазақстанның орнықты дамуы мен өсуін қамтамасыз ету жөніндегі келісімді ратификациялады

Мәжіліс Дүниежүзілік банкпен Қазақстанның орнықты дамуы мен өсуін қамтамасыз ету жөніндегі келісімді ратификациялады

Мәжіліс депутаттары Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткізілген жалпы отырыста бірқатар халықаралық құжаттарды, оның ішінде Дүниежүзілік банк тобындағы ұйымдармен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Мәжіліс бір тараптан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі, Халықаралық Қаржы Корпорациясы және екінші тараптан Көпжақты Инвестициялар Кепілдігі агенттігі арасындағы Қазақстанның орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялап, одан әрі қарау үшін Сенатқа жіберді.

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің хабарлауынша, құжат қарыз беру кезінде мемлекеттік кепілдік пен гранттық жобалар арқылы қарыз беру кезінде ұлттық заңнамадан өзгеше нормаларды қолдануды көздейді. Атап айтқанда, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу ережелерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік, еңбек, гендерлік стандарттарды және Дүниежүзілік банк тобының ақпаратты ашу нормаларын пайдалану ұсынылады.

Келісім жобаларды қаржыландыру құралын кеңейтуге және оларды іске асыру кезінде рәсімді оңтайландыруға, сондай-ақ мемлекет шығыстарын басым жобаларға қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Келісім күшіне енгеннен кейін бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жұмысы басталады. Олардың қатарында "Жезқазған-Қарағанды" және "Бейнеу-Сексеуіл" автомобиль жолдарын қайта жаңарту мен салу, Қазақстандағы теміржол қатынасы мен көлік байланысын трансформациялау жобасы, Қамбар ата 1-ГЭС құрылысы мен басқалары бар, - деді Серік Жұманғарин.

Қосымша баяндамада жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков атап өткендей, ұзақмерзімдік перспективада Дүниежүзілік банкпен жобаларды бірлесіп іске асыру Қазақстанға жаңа жұмыс орындарын құруға, инновацияларды ынталандыруға, жеке сектор мен ШОБ-ты дамытуға, үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге және инвестициялық ахуалды жақсартуға әкеледі.