Инфляцияны тежеу жөніндегі жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірлердегі тұрақтандыру қорларына жаңа егінді жинақтау жұмыстарының барысын және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүзеге асырылуын тыңдады.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Косымбаев биылға жоспарланған барлық коммуналдық тарифтердің өсімі аяқталғанын және табиғи монополия субъектілерінен жаңа өтінімдер түспегенін хабарлады. Осылайша, жыл соңына дейін халық пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілер үшін жеңілдетілген тарифтік саясат қолданыста болатындықтан, тарифтердің өсуі күтілмейді. Бұл ақылы қызметтердің қымбаттауынан инфляцияға болатын әсерді азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңірлерде жаңа егінді тұрақтандыру қорларына қосу үшін келісімшарттар жасалуда. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тажүрековтың мәліметі бойынша, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат өнімдерін жеткізуге арналған келісімшарттар 2025-2026 жылдардағы халықтың қажеттілігінің 50%-ын қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, Атырау, Алматы облыстары мен Астана қаласы бойынша пиязға деген қажеттілік толықтай жабылды. Қарағанды, Түркістан, Абай және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматыда белсенді жұмыс жалғасуда. Ал Ақтөбе облысында барлық көкөніс түрлері бойынша келісімшарттардың көлемі төмен деңгейде.
Бақылауды күшейту үшін Серік Жұманғарин арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды, ол өңірлерге барып, тұрақтандыру қорларындағы қорлардың көлемі мен санына тексеру жүргізетін болады.