ШЫМКЕНТТЕ ИХСАН ІЛІМІН ДӘРІПТЕЙТІН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ИХСАН ІЛІМІН ДӘРІПТЕЙТІН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

“ИХСАН – жүрек тәрбиесі”

25 сәуір күні Сейітжан қари Есжанұлы мешітінде “Ихсан – рухани тәрбие мектебі” атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ел руханияты мен имандылық құндылықтарын насихаттауға бағытталған бұл маңызды жиында еліміздің беделді тұлғалары бас қосты.

Конференцияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, іс-шараны ашып, халқымыздың рухани ілімге деген ықыласы мен Ихсан тәрбиесінің қоғамдағы орны жайлы терең ой қозғады.

Сондай-ақ, Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Б. Өнербаев конференция тақырыбы аясында мазмұнды баяндама жасап, руханият пен мемлекеттік саясаттың үндестігіне тоқталды.

Шара барысында белгілі актер Б. Тұрыс өз сөзінде ұлттық тәрбие, рухани тазалық пен адамгершілік қасиеттердің қоғам өміріндегі маңызын әсерлі жеткізсе, дінтанушы, PhD докторы М. Исахан “Құл Қожа Ахмет Яссауидің ихсан ілімі мен ғибраты” атты ғылыми баяндама жасап, Яссауи жолының тәрбиелік маңызын тереңінен түсіндірді. Дін мен дәстүрдің үйлесімін насихаттаушы Б. Мансұров ислам құндылықтарын қазақ халқының рухани мұрасымен байланыстыра отырып жеткізді. Қазақстандағы көрнекті дінтанушы, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Д. Кенжетай ислам философиясы, сопылық ілім және қазақ руханиятының сабақтастығы ислам дінінің қазақ мәдениетімен үйлесімділігін насихаттап, дәстүрлі сопылық ілімнің маңыздылығын атап өтті.

Бұл конференция – рухани ілімнің жаңғыруына, жастардың жүрегіне имандылық пен ізгіліктің дәнін себуге арналған мәні терең, тағылымы мол басқосу болды.