Шымкентте білім беру ұйымдарының директорларымен, олардың орынбасарларымен, сондай-ақ полиция қызметкерлерімен кәмелетке толмағандар арасындағы экстремизм мен терроризм профилактикасы мәселелері бойынша жұмыс кездесулері өткізілді. Іс-шараға ҰҚКД, полиция, әкімдік, қалалық білім және дін істері басқармаларының өкілдері қатысты. Кездесу барысында жасөспірімдер ортасындағы радикалды ағымдар мен экстремистік көріністердің алдын алудың өзекті мәселелері, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ осы саладағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды. Жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ балаларды тәрбиелеу мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ата-аналар мен педагогтардың жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша профилактикалық қызметті одан әрі жетілдіруге және мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.