
2026 жылғы 14 сәуір күні «Достық үйі» ғимаратында Шымкент қаласы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер мен этнос өкілдерінің қатысуымен «Біздің қоғамдағы діни толеранттылық» атты семинар-конференция өткізілді.
Іс-шара барысында басқарма басшысы С. Әбілхаиров дін істері басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық келісімді нығайту жөніндегі тапсырмаларының маңыздылығы, азаматтардың діни сауаттылығын арттыру және жастарды радикалды ағымдардың ықпалынан қорғау мәселелерін ерекше атап өтті.
Семинар-конференция аясында М. Әуезов атындағы ОҚЗУ Заң факультеті, халықаралық қатынастар және халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, Ph.D Е. Бекбосынов мемлекет зайырлылығының құқықтық негізі, діни толеранттылық пен қоғамдық тұрақтылықты нығайту және а.ж. 15 наурызда республикалық референдум нәтижесінде қабылданған, 1 шілдеден бастап заңды күшіне енетін Жаңа Конституцияның кіріспесінде көрсетілген бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттары жайлы баяндама жасады.
Сонымен қатар, ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, бас имамның орынбасары Қ. Сарыбаев, «Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедральный собор приходы» жергілікті діни бірлестігінің өкілі А. Могиловский, «Шымкент қаласының інжілдік мәсіхші Баптистердің қауымы» жергілікті діни бірлестігінің өкілі А. Горбатый, «Шымкент қаласының өзбек этномәдени қоғамы» ҚБ төрағасы Т. Нишанбаев, «Шымкент қаласының славян этномәдени бірлестігі» ҚБ төрайымы Н. Романова және «Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы» РҚБ Шымкент қалалық филиалының мүшесі Р. Сулейманов тарапынан діни толеранттылықты қалыптастыру, этносаралық татулықты сақтау, зайырлы мемлекет қағидаттарын нығайту бағыттары бойынша сөз сөйледі.
Іс-шара қорытындысы бойынша діни бірлестік және этномәдени бірлестік өкілдері қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылық, толеранттылық, рухани келісім идеяларын насихаттау жолында атқарып жүрген елеулі еңбектері үшін Алғыс хаттармен марапатталды.