Бірлік құндылықтары дәріптелді

Бірлік құндылықтары дәріптелді

Шымкент қаласындағы Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің студенттері арасында құқықтық сауаттылылықты арттыру, этносаралық келісімді нығайту және жалпыұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеуді көздеген кездесу өтті.

Жастармен өткен жиынға қалалық ҚХА Ғылыми-сарапшылық топ жанындағы «Жас ғалымдар» клубының жетекшісі Ш.Торғауытова, Халықтар достығы университетінің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Б.Садықов, қалалық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Н.Абдукаримов, қалалық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теологы Д.Тұрғынбай қатысып, этносаясат аясындағы жобалар мен жұмыстар жайында әңгімелеп, қазақстандық патриотизмді дамыту, кереғар діни ағымдардан сақтану және ҚХА-ның «Елтану» ағартушылық жобасы жайлы баяндады.

Айта кетейік, студент жастармен өткен кездесуде жаңа Конституция жобасы жайлы жан-жақты мағлұмат беріліп, 15 наурыз күні өтетін референдумға қатысудың маңыздылығы түсіндірілді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер ашықтықты күшейтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуды көздейтіні айтылды.

Кездесу соңында қоғамдық келісімді сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және мемлекеттік тілді құрметтеу сынды құндылықтар дәріптелді.