
Ташенов университетінде жастардың рухани дамуы мен азаматтық санасын арттыруға бағытталған танымдық кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – жас буын бойында елге деген сүйіспеншілікті нығайтып, қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Кездесуге Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Б. Тимур , «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Б. Әмірәлі , сондай-ақ «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Ш. Әлихан қатысып, өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті.
Жиын барысында еліміздегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің рөлі, мемлекеттік тілді жаңғырту, әлеуметтік желілерді дұрыс әрі тиімді пайдалану, кереғар діни ағымдардың алдын алу, сондай-ақ Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу секілді тақырыптар кеңінен талқыланды.
Қоғамдық келісім мен бірліктің негізі – жастардың белсенділігі. Бүгінгі жас тек әлеуметтік желіде емес, нақты ісімен ел дамуына үлес қосуы қажет. Әр азамат өзінің күнделікті өмірінде татулық пен бейбітшілікті насихаттай білсе, бұл – мемлекетіміздің болашағына салынған мықты іргетас, – деді Б. Тимур .