
Бүгін Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері Тимур Бөрібаев, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» маманы Нұрхан Амангелді және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Аутрич және NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің маманы Жансая Аманбаева Шымкент медресе колледжінің студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесудің мақсаты – жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, әскери борышты өтеудің маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ ұлтаралық келісім мен діни татулықты сақтау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Кездесу барысында еліміздегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің маңызы, мемлекеттік тілді дамыту, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану, сондай-ақ кереғар діни ағымдардың алдын алу мен Отан алдындағы борышты өтеудегі азаматтық жауапкершілік тақырыптары кеңінен талқыланды.
«Жастар – еліміздің ертеңі, ел тұтастығын сақтайтын негізгі күш. Әрбір жас өз елінің тарихын, мәдениеті мен дәстүрін қадірлей білсе, мемлекетіміздің болашағы да берік болады», – деді Тимур Бөрібаев.
Кездесу соңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алып, өзара пікір алмасты.