
Шымкент қаласында тұрғындардың пікірін тікелей ескеруге бағытталған жаңа жоба іске қосылды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен қолға алынған «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы тұрғындарға қаланың дамуына өз ойы мен ұсынысын тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.
Қала әкімінің халықпен кездесуі мен шаһарды аралауы барысында тұрғындардан көптеген ұсыныс пен бастамалар түсіп жатады. Енді бұл пікірлер арнайы жүйе арқылы қабылданады.
Жобаны жүзеге асыру аясында алдағы уақытта қоғамдық орындар мен автобустарда QR-кодтар орнатылады. Сол арқылы тұрғындар қаланы дамытуға қатысты өз идеялары мен ұсыныстарын оңай жолдай алады.
Ғабит Әбдімәжитұлының сөзінше, бұл жоба — әр азаматқа Шымкенттің дамуына жеке үлес қосып, оң өзгерістердің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Түскен барлық ұсыныс мұқият қаралып, ең өзекті әрі пайдалы бастамалар нақты жүзеге асырылады.
Бұл бастама — әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтуға және қаланы дамытуға күш жұмылдыруға бағытталған нақты қадам.