ШЫМКЕНТТЕ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНЕ 240 СМАРТ-БЕЙНЕЖЕТОН ТАБЫСТАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНЕ 240 СМАРТ-БЕЙНЕЖЕТОН ТАБЫСТАЛДЫ

Шымкент қаласында елімізде алғаш рет жедел медициналық жәрдем қызметкерлерін интеллектуалды смарт-бейнежетондармен жабдықтау жобасы толық жүзеге асырылды. Жоба медициналық персоналдың қауіпсіздігін күшейтуге және шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жедел жәрдем бригадаларына арнайы құрылғыларды табыстап, жүйенің тәжірибелік қолданылуына ресми түрде старт берді. Жоба Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында іске асырылды.
Жалпы жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандарына 240 смарт-бейнежетон берілді. Құрылғыларды орнату, баптау және жаппай пайдалануға енгізу жұмыстары толық аяқталған.
Айта кету керек, жоба толық іске қосылар алдында үш ай бойы пилоттық режимде сынақтан өтті. Сынақ нәтижелері цифрлық шешімнің тиімділігін дәлелдеді.