Шымкент дәрігерлері күрделі операцияны сәтті жасап, жұлын ішіндегі ірі ісікті алып тастады

Шымкент дәрігерлері күрделі операцияны сәтті жасап, жұлын ішіндегі ірі ісікті алып тастады

70 жастағы науқас бірнеше ай бойы екі аяғының ұюына, сондай-ақ үлкен және кіші дәретінің бұзылуына шағымданған. Уақыт өте келе оның жағдайы нашарлап, №1 қалалық клиникалық ауруханада толық тексеруден өтті. Тексеру барысында кеуде омыртқасының 6–7 тұсында жұлын ішінде үлкен көлемді ісік анықталды. Егер ісік шұғыл түрде алынбағанда, ол өте ауыр және қайтымсыз асқынуларға, соның ішінде аяқтардың сал болып қалуына және жұлынның қайтымсыз зақымдануына әкелуі мүмкін еді.
Дәрігерлер жоғары кәсіби шеберлік пен зергерлік дәлдіктің арқасында аса қауіпті аймақта орналасқан ісікті толық алып тастады. Операция бірнеше сағатқа созылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен жүргізілді. Нәтижесінде жұлын ішіндегі ісік толық алынып, ота сәтті аяқталды.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған: аяқтарындағы ұю толық жойылып, үлкен және кіші дәретінің қызметі қалпына келген. Дәрігерлердің айтуынша, ол алдағы бірнеше күнде үйіне шығарылатын болады.
Бұл – шымкенттік ақ халатты абзал жандардың кәсібилігі мен заманауи медицинаның мүмкіндіктерін айқын көрсететін тағы бір жарқын жетістік.