АИТВ-мен өмір сүретін әйел дені сау сәби дүниеге әкелді

АИТВ-мен өмір сүретін әйел дені сау сәби дүниеге әкелді

2025 жылдың маусым айында АИТВ инфекциясымен өмір сүретін әйел ауыр жағдайда Шымкент қалалық ЖИТС орталығына есепке алынды. Жүктіліктің алғашқы кезеңінде (11 аптада) оның вирустық жүктемесі өте жоғары көрсеткіш көрсеткен. Сонымен қатар жүктілік гипохромды анемияның І дәрежесімен асқынып, құрсақ суының бұлыңғырлануы, бір жақты вентрикуломегалия және ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде екі бүйректің жоғарғы уретралық жолдарының кеңеюі анықталған. Анадан балаға АИТВ инфекциясының берілу қаупі жоғары болғандықтан, әйелдің тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханамен бірлескен консилиум өткізілді. Консилиум құрамына емхананың гинекология бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, жалпы тәжірибелік дәрігер, мейіргер, сондай-ақ ЖИТС орталығының бас дәрігері, оның орынбасары, инфекционист, гинеколог және терапевт дәрігерлер кірді. Науқас қосымша гематолог дәрігердің кеңесінде болды. Консилиум шешімі негізінде оңтайлы ем тағайындалып, науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Тиімді жүргізілген емнің нәтижесінде әйелдің жағдайы жақсарып, 2025 жылғы 8 қыркүйекте ол аман-есен, дені сау баланы дүниеге әкелді. Нәрестенің жағдайы қанағаттанарлық. Өмірінің бірінші күнінде алынған ПЦР сынамасы Алматы қаласындағы Референс-зертханада тексеріліп, қанда АИТВ инфекциясы анықталған жоқ. Қазіргі уақытта балаға антиретровирустық (АРВ) дәрілік сироп тағайындалып, ол алты апталық профилактикалық курстан өтуде. Бұдан кейін 18 ай бойы сәби Шымкент қалалық ЖИТС орталығының диспансерлік бақылауында болады. Адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) анадан балаға берілуі бүгінгі күнде өзекті мәселе. АИТВ-ның табиғи жұғу жолдарының бірі анадан балаға вертикальді жолмен - жүктілік, босану, емізу кезінде берілуі мүмкін. Дегенмен қазіргі уақытта заманауи медицинаның жетістігінің арқасында осындай қиындықтарды алдын алуға  барлық мүмкіндік бар. Яғни жүкті әйелдер 2 рет (жүктілік бойынша және 28-30 апта мерзімінде есепке қою кезінде), жыныстық серіктестері 1 рет (жүкті әйелді есепке қою кезінде) міндетті  түрде, тегін тексеруден өтеді.