ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ БОЙЫНША КЕШЕНДІ ЖОСПАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ БОЙЫНША КЕШЕНДІ ЖОСПАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтің төрағалығымен денсаулық сақтау саласындағы 7 айда атқарылған жұмыстарды талқылауға арналған Алқа отырысы өтті. Жиынға қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшылары, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Отырыста Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысының міндетін уақытша атқарушы Сауле Сансызбайқызы сала бойынша 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар мен негізгі көрсеткіштер туралы баяндады.
Баяндамашының айтуынша, 2023–2025 жылдары қалада 14 жаңа емхана пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде емханалардағы орташа жүктеме 25 мыңнан 21 мың адамға дейін төмендеген. Сонымен қатар, 2024 жылы ауруханалардағы төсек-орын саны 4436 бірлікті құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4894-ке жетіп, 10%-ға артқан. Бүгінде Шымкент қаласы республика деңгейінде эпидемиологиялық ахуал бойынша "жасыл аймақта" орналасқанымен, емханалардағы негізгі индикаторлардың орындалуы қатаң бақылауда тұр.
Сауле Сансызбайқызы өз сөзінде ана мен бала денсаулығын сақтау, қан айналымы жүйесі ауруларын ерте кезеңде анықтау, онкологиялық ауруларды бастапқы сатысында диагностикалау, жедел жәрдем қызметі мен алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Алқа отырысында, бұдан бөлек, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің қызметі, инфекциялық аурулардың эпидемиологиялық жағдайы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бірінші жартыжылдықтағы қорытындылары және туберкулезге қатысты көрсеткіштер қаралды. Жиын соңында денсаулық сақтау саласында қол жеткізілген оң нәтижелер атап өтіліп, әлі де шешімін қажет ететін мәселелердің бар екені айтылды. Олар бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.