
Брифинг барысында ол Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен білім беру саласындағы маңызды өзгерістер және жетістіктер туралы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Шымкентте үш ауысымды мектептер мәселесі биыл толық шешілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толығымен пайдалануға берілді. Сонымен қатар 4 145 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізілуде, олардың екеуі қолданысқа тапсырылды. Бұдан бөлек, 10 мектеп пен 1 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Президент Жолдауында айтылған цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу бағытында Шымкенттің білім беру саласында бірнеше маңызды жоба жүзеге асуда. Атап айтқанда: «Айқын» жүйесі, «Әлеуметтік әмиян», «Бір бала – бір орын» қағидаты және «QARQYN» жүйесі.
Бұл жобалар Шымкенттің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып, оқушылардың қауіпсіздігі мен білім сапасын арттыруға, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді басқаруға ықпал етіп отырғаны атап өтілді.