Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту – Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік реформалардың маңызды бағыты

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту – Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік реформалардың маңызды бағыты

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен балаларға тең әрі қолжетімді, қауіпсіз орта қалыптастыруға және сапалы білім беруге бағытталған ауқымды әлеуметтік реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

 
   2025 жылдың қаңтарында Лондонда өткен Bett Show халықаралық көрмесінде Қазақстанның инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы жетістіктері жоғары бағаланып, Бүкіләлемдік инклюзивті білім жөніндегі алғашқы Конгресті Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданды. Бүгін Алматы қаласында өтіп жатқан бұл ауқымды шараға әлемнің 40 елінен 1200-ден астам сарапшы қатысуда.

    2021 жылы алғаш рет Президенттің бастамасымен барлық баланың ерекше білім беру қажеттіліктерін ескеретін «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл заң ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына, олардың құқықтарын қорғауға және мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған заңнамалық базаны айтарлықтай күшейтті. Мемлекет тарапынан инклюзивті білім беру жүйесінде барлық деңгейде оқытуға жағдай жасау кепілдіктері бекітіліп, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мен білім беру қажеттіліктерін бағалау тетіктері енгізілді.

    Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі моделі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы стандарт әзірленді. Балаларды білім беру ұйымдарында сүйемелдеу және қолдау мақсатында білім беру ұйымдарының типтік штаттарына жаңа лауазымдар енгізілді. Нәтижесінде, бүгінде мектептерде 10 мыңға жуық арнайы педагог психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді, 1000-ға жуық бала жеке көмекшімен қамтылды, балабақшалар мен колледждерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 91%-ға, арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 85% жетті.