⚛️ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы оқыту мен білім беру саласындағы халықаралық TALIS-2024 зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Зерттеу қорытындысы Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі оң өзгерістерді, оның ішінде педагогтерді қолдауға және білім сапасын арттыруға бағытталған шаралар мен «Педагог мәртебесі туралы» заңның тиімділігін көрсетті.
TALIS зерттеуі білім беру ортасын, педагогтердің еңбек жағдайларын, кәсіби даму мүмкіндіктерін, оқыту тәжірибесі мен кәсіби ұстанымдарын бағалайды. Зерттеуге 7 мыңнан астам қазақстандық педагог пен 369 мектеп директоры қатысты.
«TALIS – оқу ортасын және мұғалімдердің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған ауқымды халықаралық зерттеу. 2018 жылмен салыстырғанда қазақстандық педагогтер әкімшілік жұмыстарға аз уақыт бөліп, уақыттың басым бөлігін оқыту процесіне және ата-аналармен өзара байланысқа арнағанын байқауға болады. Сондай-ақ 2018 жылмен салыстырғанда қазақстандық педагогтерді әкімшілік жұмыстарға тарту азайып, олар сабақ беруге және ата-аналармен, қамқоршылармен байланысқа көбірек уақыт бөле бастаған. Сондай-ақ мамандығына және еңбек жағдайына қанағаттану деңгейі едәуір артқан», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Одан бөлек, зерттеу нәтижелері педагогтердің еңбек жағдайында айтарлықтай оң өзгерістер болғанын көрсетеді. Өткен оқу жылында қазақстандық педагогтердің орташа апталық жүктемесі 36 сағатты құрады. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 50 сағат болған. Мұндай қысқарту – ЭЫДҰ елдерінің ішінде ерекше жағдай.
Сондай-ақ педагогтердің орташа жасы 41 жасты құрады, бұл ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен 4 жасқа төмен. Сонымен қатар, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар педагогтердің үлесі де артқан. Магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі 3,5 %-дан 11 %-ға дейін, ал доктор дәрежесі барлар 0,1 %-дан 0,6 %-ға дейін өскен.