АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЭКСПОРТЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТАДЫ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЭКСПОРТЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТАДЫ

Шымкент қаласында биылғы бес айда экспортталған ауыл шаруашылығы өнімдері  97,9 миллион АҚШ долларын құрап өткен жылмен салыстырғанда 28 млн. АҚШ долларына артты (2021жылғы 69,9млн. АҚШ доллары.).  АӨК өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі     73,7 %.

Бұл бағыттағы көрсеткіштерді жоғарылату үшін биыл құны 11 миллиард теңге болатын 14 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оның ішінде 3 жоба қайта өңдеу саласына бағытталған, 4 өндірістік жылыжай кешені салынады.   Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын екі қойманың, құс шаруашылығымен айналысатын 3 жоба,  2 тауарлы сүт фермасын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, Қаратау ауданы, Қайнар бұлақ тұрғын алабы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарланған. Мұнда сүт өндіру зауыты салынып, биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі іске қосылатын болады. Сонымен бірге  шет ел инвесторларымен бірлесіп сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру ойластырылуда.

Ал экспорттық тауарлардың ішінде ұн және одан жасалған өнімдердің үлес салмағы басым. Қазіргі таңда қалада ірі көлемде өнім экспорттап отырған мекеменің бірі «Барыс 2007» ЖШС. Аталған кәсіпорынның өзі тәулігіне 100 тоннадан астам өнім шығарады. Отандық тауар Ресей, Грузия, Қырғызстан мен Өзбекстанға жіберіледі. Жақын арада Қытайға, Ауғанстанға да шығару жоспарлануда.