Шымкентте мәрмәр ет өндіріледі

Шымкентте мәрмәр ет өндіріледі

Шымкент қаласында ірі қара малды бордақылап қана қоймай, одан сапалы ет алатын, нақтырақ айтқанда нарықта қымбат бағаланатын мәрмәр ет өнімін өндіретін шаруақожалық бар. Бұл қазіргі таңда мейрамханаларда жоғары сұранысқа ие ет түрі болып табылады.

Бүгінде шаруашылықтардың көшін бастап келе жатқан қожалық Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабында орналасқан. «Нурали» шаруақожалығында ірі қара малдың мәрмәр етін бере алатын тұқымдары бордақылануда. Атап айтқанда, 30%-ы «Абердин-Ангус», 30%-ы «Әулиекөл», 30%-ы «Қазақтың ақбас» және қалған 10%-ы жергілікті ірі қара мал тұқымдары. Өнімдер қаламыздан бөлек еліміздің өзге аймақтарына да жөнелтіледі.

Қожалық иесі, шаруа Шерали Усмановтың айтуынша, кәсібін ең алдымен 2005 жылы 7 бас ірі қара мал бордақылаудан бастаған. Мал шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған ол бүгінде қоражайында мың басқа жуық ірі қара малды баптауда.

Айта кетейік, 2010 жылы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқасында шаруашылық аумағын ұлғайтып, мал бордақылау алаңының сыйымдылығын 400 басқа, 2014 жылы 700 басқа апарды.

Ал 2018 жылы мал бордақылаумен қоса сағатына 2 тоннаға дейін құрама жем шығаратын цехты іске қосқан. Бұл өз кезегінде шаруа үшін ет өнімінің көлемін арттыруға септігін тигізді деуге болады.

Кәсіптің көзін тапқан қала тұрғыны бұл межемен тоқтап қалмай, 2019 жылы бордақылау алаңының сыйымдылығын 1000 басқа дейін жеткізді.

Жеке кәсіпкер отбасылық шаруасын одан әрі жандандыру мақсатында алдағы жылы қоражай аумағының сыйымдылығын 1500 басқа дейін жеткізуді, сонымен бірге сапалы ет өнімінің үлесін арттыруды жоспарлап отыр.

Қосымша сұрақтар бойынша: Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы  8 (7252) 24-74-08.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі