Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған маңызды іс-шара өтілді

Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған маңызды іс-шара өтілді

Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен сала мамандарына Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған маңызды іс-шара өтті. Жиынға Мирас университеті Құқық секторының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Нұржан Жақсылықов арнайы спикер ретінде қатысып, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Ата заң мен жаңа конституциялық жобаның салыстырмалы айырмашылықтарын түсіндірді.

Жиын барысында Нұржан Нұртазаұлы референдумға ұсынылып отырған реформалардың бірнеше маңызды бағыттарына тоқталды. Спикердің айтуынша, ең бірінші артықшылықтардың бірі – Ата заңның кіріспесіндегі тарихи және құқықтық құндылықтарға қатысты өзгерістер. Ол 1995 жылы қабылданған Конституцияның кіріспесінде тек бейбітшілік мұраттарына жету мен өзге елдермен достық мақсаты жазылғанын еске салды. Ал жаңа жобада заң мен тәртіпке, әділеттілікке басымдық беріліп отырғанын және құжатқа маңызды тарихи ұғымдар қосылғанын ерекше атап өтті.

Іс-шараға 30-ға жуық ауыл шаруашылығы және ветеринария саласының қызметкерлері қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық өзгерістердің практикалық маңызын талқылап, елдің тұрақты дамуы мен әділетті қоғам құру жолындағы бұл бастамаларды толықтай қолдайтынын білдірді.