
ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ТІЗБЕСІ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы № 362-нқ бұйрығына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі қайта бекітілді.
Аталған өзгерістерге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының саны 19-дан 31-ге дейін ұлғайтылғанын хабарлаймыз.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін арттыру (15%-дан) айыппұл салуға алып келеді.
Атап айтқанда:
- жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілерге – 5 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілерге – 35 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілерге – 150 АЕК. Егер бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады.
Бұл өзгерістердің мақсаты – әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағаның негізсіз өсу тәуекелдерін төмендету.
Қазір сауда нүктелеріне бақылау күшейтілуде. Сонымен қатар, әр кәсіпкер ӘМАТ-қа белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесін сақтауы тиіс.