2025 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін және оған ілеспе «Салық салу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бекітті. Бұл — салық әкімшілендіру, жеңілдіктер мен мөлшерлемелерді қоса алғанда, барлық негізгі бағыттарды қамтитын ауқымды салық реформасы.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Жаңа Салық кодексінің 584-бабының 4-тармағына сәйкес, елді мекендер аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық мөлшері 1 013 теңгеге дейін төмендетіліп, бұрынғыдан 45 есеге азайтылатын болады. Бұл – жергілікті кәсіпкерлер мен шаруашылықтарға берілген үлкен қолдау әрі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жасалған тың қадам.
Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі
56 мың гектар болса, оның 26,4 мың гектарында шамамен 4 мыңға жуық шаруа қожалық пен кәсіпкер еңбек етуде. Бұл ұжымдар мен кәсіпкерлер қала тұрғындарын үздіксіз әрі қолжетімді ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтуда маңызды рөл атқаруда.
Осылайша, жергілікті билік пен кәсіпкерлердің бірлескен еңбегі арқылы Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласы өркендеп, қала экономикасына тұрақты серпін беріп келеді. Бұл – жердің берекесін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі бастамалардың айғағы.