
ТЕКЕСУ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ
Қала күні қарсаңында Текесу тұрғын алабында жаңа мәдениет үйінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков, аудан тұрғындары, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Салтанатты шара барысында қала әкімі мен тұрғындар мәдениет үйінің лентасын қиып, жаңа нысанның жұмысымен танысты.
Тұрғындардың бірнеше жылдан бері көтеріп келген мәселесі өз шешімін тауып, демеуші BKN GROUP компаниясының қолдауымен заманауи мәдениет ошағы пайдалануға берілді.
Жаңа мәдениет үйінде кітап оқу, би, ән айту, шахмат және басқа да шығармашылық үйірмелер жұмыс істейтін болады. Бұл тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді.
Аудан тұрғындары жаңа нысанның ашылуына ризашылықтарын білдіріп, игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға алғыстарын жеткізді.
Текесу тұрғын алабындағы жаңа мәдениет үйі – тұрғындардың мәдени өмірін жандандырып, қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан.