
АУДАН АУМАҒЫНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР
Аудан аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарының сақталуын бақылау мақсатында 2025 жылдың басынан бастап жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аталған рейдтер аудандық прокуратура, жастар ресурстық орталығы және аудандық полиция қызметкерлерінің бірлесуімен аптасына екі рет тұрақты негізде өткізіледі.
Рейдтік іс-шаралар барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде, сондай-ақ ойын-сауық орындарында жүру фактілерін анықтауға ерекше назар аударылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ ата-аналардың өз балаларына қатысты жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Өткізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта қоғамдық орындарда және ойын-сауық мекемелерінде жүрген 1 743 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 1 және 2 бөліктеріне сәйкес олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атқарылып жатқан рейдтік іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жасөспірімдер арасында тәртіп пен заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамда қауіпсіз орта құруға оң ықпал етуде. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жоспарлануда.