
ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІКТІ КҮШЕЙТУ БАҒЫТЫНДА НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ
Әл-Фараби ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй қорын жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және қауіпсіздікті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2025 жылы 21 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жарықтандырылып, 11 үйге мурал салынды. Бұл жұмыстар ауданның сәулеттік келбетін жақсартып, қауіпсіздік деңгейін арттырды. 2026 жылы жобаларды жалғастыру жоспарланған.
Ауданда 5 саябақ пен 23 гүлзар бар. Өткен жылы демеушілер есебінен 5 жаңа гүлзар ашылып, тағы 2 гүлзардың құрылысы жүргізілуде. Оларды 2026 жылдың сәуір айында аяқтау көзделген.
Реновация бағдарламасы аясында 20 көпқабатты тұрғын үй қамтылып, оның 13-інде жөндеу аяқталды. 2029 жылға дейін 28 апатты үй бұзылып, 235 меншік иесін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сауда нысандарын реттеу жұмыстары нәтижесінде «Орталық Қырғы» базарының жаңғырту жұмыстары 95 пайызға аяқталды, ал «Көктем» базарындағы кәсіпкерлер жаңа сауда орнына көшірілді.
Қауіпсіздікті арттыру мақсатында 290 мекенжайға бейнебақылау камералары орнатылып, 28 нүктеге «Сергек» жүйесі енгізілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 41 сенбілік ұйымдастырылып, 504 тонна қоқыс шығарылды.
Жалпы, 2025 жылы ауданның сәулеттік келбеті жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Бұл туралы Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Тәжібаев Марат Әбдімажидұлы мәлімдеді.