
ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ЖҮЙЕЛІ ДАМУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Тәжібаев Марат Әбдімажидұлы ауданның 2025 жылғы даму көрсеткіштері туралы баяндады.
2026 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, аудан халқының саны 262 526 адамды құрайды. Аумақта 17 шағынаудан және 1 елді мекен бар. Жалпы 931 көпқабатты және 16 663 жеке тұрғын үй, 390 көше, 257 әлеуметтік нысан орналасқан. Инженерлік инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 100%. Тұрғындар ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен толық қамтамасыз етілген.
2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 38 балалар ойын және 2 спорт алаңшасы абаттандырылды. Қосымша 5 аулада жөндеу жүргізілді. «Әл-Фараби» КММ тарапынан 261 балалар және 65 спорт алаңшасы ретке келтірілді. Қазіргі таңда ауданда 113 спорт алаңшасы жұмыс істейді. 2026 жылы 19 ауланы абаттандыру жоспарланған.
Жарықтандыру бағытында 2025 жылы 133 көше жарықтандырылып, 112 көпқабатты үй ауласына жарық орнатылды. 2026 жылы 36 тұйық көше мен 480 ауланы жарықтандыру жоспарланып отыр.
2025 жылы 113 көшеге асфальт төселіп, 182 көпқабатты үй ауласына 2 600 тонна асфальт салынды. Сонымен қатар, 19 көшеге 12 шақырым аяқжол салынып, 17 мекенжайда қосымша жаяу жүргіншілер жолы жүргізілді. Ирригациялық жүйе 17 көшеге және 19 аулаға орнатылды.
Жалпы, 2025 жылы Әл-Фараби ауданында инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып, ауданның тұрақты дамуына негіз қаланды.