
ШЫМКЕНТТІҢ ЕКІ ТҰРҒЫН АЛАБЫНА ТАБИҒИ ГАЗ ҚОСЫЛДЫ
Шымкент қаласында тұрғын алаптарды кезең-кезеңімен газдандыру жұмыстары жалғасуда. Жаңа жыл қарсаңында Алтынтөбе және Тассай екі ірі шағынауданында табиғи газ жүйесі қосылды. Іске қосу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтады, шаңырақтарына жылу мен жайлылық тіледі.
Алтынтөбе тұрғын алабына тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы 12 шақырымнан асады. Нәтижесінде 343 үй көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Құрылыс-монтаж жұмысы бір жыл көлемінде жүргізілді.
Осы күні қаланың ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі — Тассай шағынауданында да газ қосу рәсімі өтті. Мұндағы газ құбырының ұзындығы 68 шақырымнан асады, жоба аясында 3 341 үй қамтылған.
Айта кетейік, Тассай тұрғын алабын газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұған дейін алғашқы екі кезеңде 2 566 абонент табиғи газға қол жеткізсе, үшінші кезеңде тағы 775 үй қосылып отыр. Газдандыру жұмыстары 2022–2025 жылдар аралығында жүргізілді.
Алтынтөбе және Тассай тұрғын алаптарына табиғи газ жүйесінің қосылуы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, жылу шығындарын азайтуға және экологиялық қауіпсіздікті жақсартуға мүмкіндік береді.
Табиғи газға қосылу үшін тұрғындар техникалық шарт алу жөніндегі өтінішті Egov Mobile мобильді қосымшасы немесе egov.kz электронды үкімет порталы арқылы бере алады.
Барлық сұрақ бойынша «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалына хабарласуға болады:
📞 +7 771 949 92 60
📞 +7 725 239 74 81