Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратына жиі қойылатын сұрақтардың тізімі

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратына жиі қойылатын сұрақтардың тізімі
  1. Халықтың әлеуметтік осал топтарына кімдер жатады?

 Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына:

     1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

     1-1) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

     1-2) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

     2) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

     3) мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

     4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

     5) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

     6) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;

     7) қандастар;

     8) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

     9) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

     10) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

     11) толық емес отбасылар жатады. 

 

  1. Аудан әкімінің қабылдауына қалай жазылады?

Аудан әкімі әр айдың екінші бейсенбі күні азаматтарды жеке қабылдау жүргізеді. Алдын ала жазылу 8(7252) 53-79-08 нөмірі арқылы жүзеге асырылады. 

 

  1. Абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнатуға қалай өтінім беруге болады?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында Шымкент қаласында 2021 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асырылып келеді.

        Жобаның мақсаты жергілікті бюджет қаражатын бөлу процесіне қала тұрғындарын қатыстыру арқылы қалалық бюджетті қалыптастырудың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардан өтінімдер әр жылдың қаңтар айының 20-сынан басталып, 1-наурызға дейін қабылданады. Көрсетілген мерзімде тұрғындар өтінімдер беріп, келесі кезеңде ұсынылған өтінімдерге тұрғындар арасында электронды түрде дауыс беру процессі жүргізіледі. 50 дауыс жинаған жоба әкімдіктін жұмыс жоспарына енгізіліп, іске асырылады.

        «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша қала тұрғындары:

 - Аумақты көгалдандыру;

- Тротуарларды жайластыру;

- Тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;

- Ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де объектілер);

- Бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу;

- Қоқыс тастайтын жерлерді жою;

- Ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;

- Аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру жұмыстары бойынша өз ұсыныстарын енгізе алады.

  1. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуға болады?

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 120 бабының 4-тармағына және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы №227 бұйрығымен бекітілген «Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларының» 2-тарауының 3-тармағына сәйкес,  атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен (34662 теңге) аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы табысы мен облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінің мөлшері арасындағы айырма түрінде есептеледі.

  1. 2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, 1-жасөспірімдік разрядты спортшы, 2-жасөспірімдік разрядты спортшы, 3-жасөспірімдік разрядты спортшы спорттық разрядтарын және біліктілігі жоғары деңгейдегі біліктілік санаттарын беру мемлекеттік қызметін қалай онлайн алуға болады?

Қызметті онлайн алу:

- Порталда авторизациядан өтіп "Онлайн сұратым" батырмасын басыңыз.

- Барлық қажетті өрістерді толтырып, файлдарды тіркеңіз.

- Өтінімге ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) қол қою немесе смс-паролінің көмегімен қол қойыңыз (міндетті түрде мобильдік азаматтар базасында тіркеу бар болу қажет).

- Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін сіздің өтініміңізді өңдеу туралы хабарламамен танысыңыз.