Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Сәменбекұлы және Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Төреайым Жолдыбайқызы Сұлтанова аудан тұрғындары және үй басқарушыларымен кездесу өткізді.
Іс-шараға салалық басқармалар, аумақтық органдар мен коммуналдық мекемелердің басшылары қатысты. Кездесу барысында алдымен ауданның инфрақұрылымдық жағдайы бойынша қысқаша ақпарат беріліп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарымен таныстырылды.
Тұрғындар тарапынан көше жарығын орнату, ойын және спорт алаңшаларын салу, жол жөндеу, аулаларды абаттандыру, тазалықты қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша сұрақтар қойылды.
Көтерілген өтініштер мен арыз-шағымдар бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, тұрғындармен тұрақты байланыс орнату, әрбір мәселені жеке бақылауға алу тапсырылды.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-тілектер кезең-кезеңімен шешілетінін және олардың орындалуы аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.