ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ БАҚЫЛАНДЫ

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ БАҚЫЛАНДЫ

Бүгін Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Сәменбекұлы аудан аумағындағы бірқатар нысандардың жағдайымен танысты.

Алдымен Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жүргізіліп жатқан асфальт қабатын жаңарту жұмыстарына бақылау жасалды. Жол жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуы – тұрғындар үшін ең басты мәселелердің бірі болып табылады. Осыған орай мердігер мекемелерге жұмысты сапалы атқару жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, аудан аумағындағы гүлзарлар мен демалыс орындарының жалпы жағдайы тексерілді. Тазалық, көгалдардың күтімі, балаларға арналған ойын элементтерінің жарамдылығы – барлығы жіті назарға алынды. Белгілі болған кемшіліктерді жою бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар жүктелді.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда салынып жатқан жаңа гүлзар құрылысының барысы қаралды. Аталған нысан тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және ауданның көркін арттыруға ықпал етпек. Құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлініп, тиісті мекемелерге оны уақытылы әрі талапқа сай аяқтау міндеттелді.

Әкімдік тарапынан тұрғындар үшін қолайлы, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.