Бүгін Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Сәменбекұлы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды.
Атап айтқанда, Қалдаяқов көшесі №2/5 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындығы тексерілді. Әкім жылу жүйелерінің жағдайымен, жертөледегі құбырлар мен оқшаулау жұмыстарының сапасымен танысты.
Сонымен қатар, 16-шағынауданда орналасқан №41 көпқабатты тұрғын үйде жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысы бақылауға алынды. Аталған үйде шатырды жөндеу, инженерлік желілерді ауыстыру, подъездерді қалпына келтіру және қасбетті сырлау сынды кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Сапар барысында аудан әкімі Сасбұқаев көшесінде орналасқан балалар ойын алаңшасының жай-күйімен танысып, осы аумақтағы тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар өз өтініштері мен ұсыныстарын айтып, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Аудан басшысы тұрғындар айтқан ұсыныстардың назарға алынатынын және оларды шешу бағытында тиісті шаралар қарастырылатынын жеткізді.
Сондай-ақ, Маратбек Сәменбекұлы Орынбаев, Анаров, Алдияров және Елшібек батыр көшелерін аралап, жол, жарықтандыру және санитарлық жағдайға қатысты анықталған кемшіліктер бойынша жауапты сала мамандарына қысқа мерзім ішінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды