7 наурыз күні Шиелі аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы Мәдениет Үйінде Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің және білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен "ӘЛЕМДІ ӘЛДИЛЕГЕН АНА" атты білім қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік шара өткізілді.
Тұтас ұлтты тәрбиелеп отырған ұстаз- аналарды көктемнің нұрлы мерекесімен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы Есжанов құттықтады.
Нәзік жанды қайсар аруларға деген құрметі жыр болып төгіліп, шараға қатысушыларға гүлден сый жасады. Басқарма басшысы әйел-ананың қоғамдағы рөлі мен маңызына тоқталып, Бопай ана, Зере мен Ұлжан, Әлия мен Мәншүк, сондай-ақ 41 Социалистік Еңбек Ерінің бесеуі АНА екендігін айтып, аналар мәртебесі әруақыт биік екендігін атап өтті.
Отбасында ұйытқы, бала тәрбиесінде ерен еңбектерімен ерекшеленген ұстаздарды марапаттады.
Аналар, әйелдер қауымына деген ақ тілек, риясыз пейілмен өткен салтанатты шара жылы лебіздерге толы болды. Аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков ұстаз-аналарды құттықтап, #158 орта мектебінің ардагер-ұстазы Роза Машрапинаға "Шиелі ауданының Құрметті Азаматы" төсбелгісін табыстады.
Ұлт игілігі жолына өз әлеуеті мен қарым-қабілетін арнаған білім саласы қызметкерлерін Алғыс хаттармен мадақтады.
Мерекелік шара әдеби – сазды концерттік бағдарламаға ұласты.
Мереке құтты болсын, аяулы аналар, ұлағатты ұстаздар, ардақты әріптестер!