
Конституциялық реформа аясында бір палаталы Парламентке көшу бастамасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарапынан 2025 жылғы 8 қыркүйекте жыл сайынғы Жолдауында жарияланған болатын.
Жаңа Конституцияның Кіріспесінде адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы ретінде айқындалды.
Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды.
Әділеттілік, Заң және Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді.
Маңызды мазмұндық бағыттардың бірі – цифрландыру. Осыған байланысты жаңа Конституция мәтінінде азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы норма алғаш рет енгізілді.
Конституция жобасына бірқатар жаңа институттар енгізілуде: бір палаталы Парламент (Құрылтай), «Халық Кеңесі» жалпыұлттық диалог форматы, Вице-Президент институты. Мұның бәрі азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейте отырып, адвокатура мәртебесін арттыруды да қамтиды.
Алғаш рет негізгі Заң деңгейінде ел болашағының тірегі ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар аталды, яғни мықты адами әлеует қалыптастырып, мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз ететін салалар айқындалды.
Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда халықтың дауыс беруі арқылы қабылданады.