«Отан сақшысы – Часовой Родины» газеті 80 жыл қызмет етеді

«Отан сақшысы – Часовой Родины» газеті 80 жыл қызмет етеді

21 шілдеде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Отан сақшысы – Часовой Родины» ведомстволық газетінің 80 жылдығына арналған мерекелік іс- шара өтті.

Іс-шараға Шекара қызметінің басшылығы, әскери қызметшілері мен ардагерлері, әкімдік пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Редакцияның шығармашылық ұжымын мерейтойымен Шекара қызметі директорының орынбасары полковник Дәулет Дүйсембеков, «Застава тарландары» Республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал-майор Тұрсын Уажанов, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, газеттің ардагерлері – отставкадағы полковниктер Василий Шупейкин мен Сағидолла Сихымбаев құттықтады.

 «Биыл Отан сақшысы – Часовой Родины» газетінің құрылғанына 80 жыл толды. Шекара сақшыларының газеті ертеден келе жатқан әскери басылым. Әу бастан шекара газеті жасыл күнқағар киген адамдардың өмірінде үлкен маңызға ие болды және оқырмандардың серігіне айналды. Айтулы күні газеттің шығармашылық ұжымына денсаулық, бақыт және отбасылық амандық тілеймін! Біздің редакцияңыздың даңқты дәстүрлері ұзақ жылдар бойы сақталатынына сенімдімін», - деді құттықтау сөзінде полковник Д. Дүйсембеков.

Мереке қарсаңында Шекара қызметі мен газет тарихындағы естелік және маңызды оқиғаларға арналған «80 жылдық – шежіре» кітабының тұсаукесері өтті. Шығармада еліміздің шекара заставаларын аралаған соғыс тілшілерінің қызықты және әсерлі естеліктері сипатталған.

Қызметтік міндеттерін адал орындағаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін, сондай-ақ 80 жылдық мерейтойға орай грамоталармен, «Отан сақшысы – Часовой Родины» газетіне - 80 жыл» мерейтойлық белгілерімен және бағалы сыйлықтармен газеттің әскери қызметшілері, ардагерлер мен өзара іс-қимыл жасайтын құрылымдардың өкілдері марапатталды.

Сонымен қатар, «Мемлекет шекарадан басталады» фотобайқауының қорытындысы шығарылды. Бұл іс-шара ҰҚК ШҚ әскери қызметшілері арасында жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру мақсатында өткізілді.

Іс-шара Шекара қызметі ән және би ансамблі бөлімінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

80 жылдан бері ведомстволық газет шекарашылардың негізгі және жалғыз дәстүрлі баспа нұсқасындағы ақпарат көзі болып келеді.

Мұндай маңызды оқиғаны атап өту ең алдымен, Отанымыздың шекарасында күн сайын жауынгерлік кезекшілікке шығатын шекарашы жауынгерлерге алғыс, сый-құрмет көрсету болып табылады.

Газеттің әрбір жаңа нөмірі – редакция корреспонденттерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі, олар негізгі қызметтік міндеттерімен қатар, әр мақала мен фотосуретті жасауға жанын салады. Газет шекара әлеміне терезе болып, оның қиындықтары мен жетістіктерін және сарбаздардың өміріндегі есте қаларлық сәттерін көрсетеді.