Ветеринариядағы есепке алу нөмірі: 2026 жылы Қарағанды облысының кәсіпкерлері нені білуі тиіс?

Ветеринариядағы есепке алу нөмірі: 2026 жылы Қарағанды облысының кәсіпкерлері нені білуі тиіс?

Ауыл шаруашылығы және жануарлардан алынатын өнімдерді қайта өңдеу саласында өндіріс объектісіне есепке алу нөмірінің болуы міндетті талап болып табылады. Оны беру рәсімі мемлекеттік көрсетілетін қызметке жататынына қарамастан, кәсіпкерлер оны алу тәртібі мен маңызы туралы әрдайым толық ақпаратқа ие бола бермейді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган ретінде негізгі ережелерді түсіндіреді.

Есепке алу нөмірі - бұл шаруа қожалықтарына, сою пункттері мен алаңдарына, сақтау қоймаларына, қайта өңдеу кәсіпорындарына, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру және өткізу ұйымдарына берілетін бірегей код.

Ол объектінің ресми тіркелгенін және ветеринариялық-санитариялық бақылауда екенін растайды.

Есепке алу нөмірінің болуы қызметтің заңдылығын, ветеринариялық сертификаттарды ресімдеу мүмкіндігін, өнімді өткізуге жіберуді, сапа мен қауіпсіздікке мемлекеттік бақылауды, сондай-ақ өнімнің шығу тегін қадағалау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Есептік нөмірсіз ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу, өнімді тасымалдау және өткізу мүмкін емес.

Облыста аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы көрсетеді. Қызмет көрсету мерзімі - 2 жұмыс күні.

Нөмір алу үшін объектінің талаптарға сәйкестігі туралы ветеринариялық-санитариялық қорытынды қажет. Өтініш электрондық лицензиялау порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып беріледі.

2026 жылы не өзгерді?

2026 жылғы 19 қаңтардан бастап мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларына маңызды өзгерістер енгізілді:

- есептік нөмірлер енді 3 жыл мерзімге беріледі;

- жалдау шарты 3 жылдан аз мерзімге жасалған объектілерге нөмір шарттың қолданылу мерзіміне беріледі;

- сою алаңдарына есептік нөмір 1 жылға беріледі және жыл сайын растау талап етіледі;

- 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылу мерзімі көрсетілмей берілген нөмірлердің мерзімі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап есептеледі;

- мерзімі аяқталуға 30 күнтізбелік күн қалғанда қайта рәсімдеу рәсімінен өту қажет;

- мерзімі аяқталған кезде жүйедегі мәртебе «Есептік нөмірдің қолданылуы тоқтатылды» болып өзгереді.

Аталған өзгерістер бақылауды күшейтуге және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Құрметті қызмет алушы! Егер мемлекеттік қызметті алу барысында артық құжаттар талап ету, қызмет көрсету мерзімдерін бұзу, негізсіз бас тарту немесе өзге де әкімшілік кедергілерге тап болсаңыз, бұзылған құқықтарыңызды қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне жүгіне аласыз.

Мекенжайы: Қарағанды қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 39.

Байланыс телефондары: 8 (7212) 50-40-66, 8 (7212) 50-33-83.

 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер  басқармасының бас маманы С. Амангельдинованың мақаласы