Оперативно-тактикалық «Бірлестік-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталғаннан кейін бес елдің әскери контингенттері тұрақты орналасу пункттеріне аттанды. Ақтау қаласының Әскери хабарламалар комендатурасы әскерлер мен әскери техниканы тұрақты орналасу орындарына сәтті жөнелтуді ұйымдастыруда маңызды рөл атқарды. Әскерлерді тасымалдау Маңғыстау облысындағы теміржол және автомобиль жолдары арқылы жүзеге асырылды, атап айтқанда, Маңғыстау, Жаңаөзен, Шетпе, Боржақты стансалары арқылы, сондай-ақ теңіз жолы арқылы Ақтау қаласының теңіз порты және әуе жолымен Ақтау авиациялық базасы мен халықаралық әуежайы арқылы ұйымдастырылды.
Әскери хабарламалар комендатурасы мен теміржол қызметтерінің нақты жоспарлау және үйлестірілген іс-қимылдарының арқасында 380 вагоннан тұратын шамамен 20 теміржол эшелоны жүктеліп, жөнелтілді. Оқу-жаттығуға шамамен 2000 әскери қызметші мен 600-ге жуық әскери техника қатысты, бұл әскерлерді белгіленген орындарға уақытында және қауіпсіз жеткізуге мүмкіндік берді.
Әскери техниканы және жеке құрамды тиеу арнайы дайындалған алаңдарда жүзеге асырылды. Процесс барлық қауіпсіздік шаралары сақталып, қатаң регламентке сәйкес ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер жайлы вагондарға орналастырылып, ұзақ жолға қажетті барлық жағдайлармен қамтамасыз етілді. Тасымалдау кезінде демалу және тамақтану үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
Әскери хабарламалар комендатурасы өткізген әскерлер мен техниканы жөнелту шарасы жоғары деңгейдегі ұйымдастыру мен үйлестіруді көрсетті. Жоспарлаудың нақтылығы және барлық қатысушылардың үйлесімді жұмысының арқасында әскери қызметшілер мен техниканы ел бойынша тұрақты орналасу пункттеріне сәтті және қауіпсіз жеткізу мүмкін болды.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында «Бірлестік-2024» атты оперативті-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оған Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан делегациялары мен әскери контингенттері қатысты.