Каспий теңізіндегі зерттеу жұмыстары туралы әскери гидрограф әңгімелеп берді.

Каспий теңізіндегі зерттеу жұмыстары туралы әскери гидрограф әңгімелеп берді.

Әр күн сайын жүздеген әскери және азаматтық кемелер теңізге шығады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін теңізді зерттеп, кемелерге қажетті теңіз навигациясы туралы мәліметтерді беретін гидрографтар жұмыс істейді. Бұл мақала қазіргі заманғы кеме қатынасынсыз мүмкін болмайтын осы мамандықтың өкілдері туралы кеңінен әңгімелейді.

Гидрограф мамандығы өте нәзік және күрделі. Олардың еңбегі көбінесе «көлеңкеде» қалып жатса да, заманауи теңізшілерге шексіз теңіз кеңістігінде бағыт табуға мүмкіндік береді.

Біздің елде де осындай тар мамандық иелері бар. Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері құрамында Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторында, соның ішінде азаматтық кемелердің де теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін гидрограф мамандар қызмет ететін Гидрографиялық қызмет (ГҚ) бар.

2008 жылға дейін Гидрографиялық қызмет Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзеті құрамында болған, бірақ сол жылы гидрографиялық қызметті Әскери-теңіз күштері құрамына көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл шешім ГҚ-ның қызмет саласы экономикалық әрі стратегиялық міндеттерді де көтеріп, ұлттық қорғаныс тұрғысынан ерекше маңызға ие болғандықтан қабылданған.

«Гидрографиялық қызмет Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторындағы теңіз жолдарын Халықаралық теңіз ұйымының қазіргі талаптарына сәйкес навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз етуге арналған. Өз қызметінде ГҚ гидрографиялық, геофизикалық және теңіз зерттеулерін жүргізіп, олардың негізінде картографиялық және сипаттамалық материалдарды әзірлеу, тыйым салынған және жүзу үшін уақытша қауіпті аймақтарды белгілеу, навигациялық жағдайдағы өзгерістер туралы теңізшілерді дер кезінде хабардар ету, Әскери-теңіз күштері кемелерін теңіз карталарымен, жүзу жөніндегі нұсқаулықтармен және құралдармен қамтамасыз ету және оларды қазіргі заман талабына сай ұстау және т.б. жұмыстарды орындайды», - деді Әскери-теңіз күштері Гидрографиялық қызметінің бастығы, 2-дәрежелі капитан Данияр Давишев.

Гидрографиялық қызмет әскери-теңіз базасына бағынады. Оның жеке құрамы кадрлық гидрограф офицерлерімен, сондай-ақ гидрография саласында халықаралық сертификаттары бар әскери қызметшілермен толықтырылған, олар теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еңбек етеді. Қызмет құрамында навигациялық қамтамасыз ету бөлімі бар, оның міндеттерінің бірі – навигациялық жабдықтарды орнату және оларға қызмет көрсету.

Гидрограф мамандар өздерінің негізгі зерттеу гидрографиялық жұмыстарын теңізде жүргізеді. Ашық навигация кезеңінде (наурыздан бастап қарашаны қоса алғанда) олар теңізді және оның түбін зерттеп, жиналған ақпаратты теңіз карталарын жасау және түзету үшін өңдейді.

Гидрограф мамандар тікелей теңіздегі жұмыстарын жаз мезгілінде орындайды, өйткені қыста Каспийдің солтүстік бөлігі мұзбен жабылады. Осы уақытта олар жаңа карталар шығару үшін жиналған деректерді талдайды.

«Теңіздің мінез-құлқын» талдау оның жағдайын дұрыс бағалауға және түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу үшін уақытылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Мәселен, гидрографиялық қызмет мамандарының айтуынша, 2006 жылдан бастап Каспий теңізінің деңгейі 1,5 метрге төмендеген. Бұл құбылыс көптеген факторлармен байланысты, оның бірі ретінде мамандар қоршаған ортаға адамның әсерін атап өтеді. Сонымен қатар, Каспийдің таяз болуына оның салаларындағы, мысалы, Еділдегі су деңгейінің төмендеуі де әсер етеді.

Зерттеу жұмыстарын орындау үшін Гидрографиялық қызметтің қарамағында «Жайық» және «Табиғат» гидрографиялық кемелері, сондай-ақ жылдам жүретін «БЛ-680» қайығы бар. Үш жүзу құралдары да эхолоттармен жабдықталған. Бұдан басқа, «Жайық» кемесі теңіз навигациялық құралдарын (буйлар, белгілер) орнату және алу жұмыстарын орындайды, олар теңізшілерді навигациялық қауіптерден сақтандырады.

Гидрографиялық қызмет мамандарының ең маңызды міндеті – теңіз карталарын жасау және түзету. Гидрографтар жинаған ақпарат бірегей базаға талданып, егер жағдай күрт өзгерсе, ақпарат барлық теңізшілерге хабарлама ретінде жеткізіледі. Мысалы, хабарламада солтүстік Каспийге тән тереңдіктің өзгеруі туралы немесе теңізде жүзуге тыйым салынған аудандар (жаттығу аудандары) белгіленуі мүмкін.

Гидрографиялық қызметтің құзыретіне Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан бес маяк («Жоғарғы Тюб-Караган», «Төменгі Тюб-Караган», «Қызыл-Өзен», «Борлы», «Құмды») кіреді. Маяк қызметтері олардың үздіксіз жұмысын және жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Маяктар Халықаралық маяк қызметтері қауымдастығының (IALA) талаптарына сай заманауи автоматтандырылған жарық техникалық жабдықтармен жабдықталған. Мұндай автоматтандырылған жабдық қажетті қашықтықты, түс пен жарық сипаттамаларын қамтамасыз етеді. Автоматтандырылған процесс шамдарды қажетті уақытта, қараңғылық түскен кезде қосып, таң атуымен өшіреді.

Алайда маяктардың автоматтандырылғанына қарамастан, олардың күйі мен жұмысын гидрографиялық қызмет мамандары қадағалайды. Әр апта сайын әскери қызметшілер бір-бірін ауыстырып, маяктардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, штаттан тыс жағдайларда, мысалы, электр қуатының өшуі сияқты жағдайларда, олар маяктардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті шараларды уақытында қабылдайды.

«Теңіз навигациясы үлкен қадам алға жасаса да, маяктарға әлі де өз орны беріледі. Спутниктер мен GPS навигаторларының үздіксіз жұмысына сенуге болмайды, өйткені электроника ақау беруі мүмкін. Сондықтан, олар ажыратылған жағдайда, штурман өзінің орналасқан жерін маяктың түсі мен сипаттамасына қарай анықтай алады», - дейді Данияр Давишев.

Теңіз – жан-жақты зерттеуді талап ететін өзіне тән стихия. Осыған байланысты гидрографиялық қызмет мамандары Каспий жағалауындағы басқа елдермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Мысалы, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Гидрографиялық қызмет Ресей және Әзірбайжан мамандарымен ынтымақтасады.