
Бүгін Семей қаласы мәслихатының төрағасы Еркен Сағандықовтың төрағалығымен, Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаевтың қатысуымен қалалық мәслихаттың 59-шы кезекті сессиясы өтті.
Сессия басталар алдында отырысқа қатысушылар Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Осы қайғылы оқиғаға байланысты 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Сессия жұмысына офлайн форматта 13 депутат және онлайн форматта 2 депутат қатысты. Сессияны өткізу үшін қажетті кворум қамтамасыз етілді.
Отырысқа сондай-ақ Семей қаласы прокурорының орынбасары, Семей қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқа да шақырылғандар қатысты.
Сессия барысында депутаттар күн тәртібіне енгізілген 13 мәселені қарады. Оның ішінде 2025–2026 жылдардағы жылыту кезеңінің қорытындылары және 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешімнің орындалуы, қаланың денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі және халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігі, 2026–2027 жылдардағы су тасқыны қаупі кезеңінен өтуге дайындық, Семей қаласының 2026–2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу, Семей қаласының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына өзгерістер енгізу, кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету мәселелері, мәслихат пен оның аппаратының қызметін реттейтін нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу, сондай-ақ шығып қалғандардың орнына сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау мәселелері қаралды.
Қаралған мәселелердің қорытындысы бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.