
Семей қаласы мәслихатының депутаттары мен аппарат қызметкерлері 2023 жылғы ауқымды орман өрті салдарынан зардап шеккен орман алқаптарын қалпына келтіруге арналған «Let's Forest Kazakhstan – Ash to Art in Semey» халықаралық экологиялық арт-жобасының ашылу салтанатына қатысты.
Жоба Қазақстан, Оңтүстік Корея және өзге де елдердің суретшілерін біріктіріп, өрттен зардап шеккен ағаштардан жасалған өнер туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Көрме табиғаттың жаңғыруының, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың және экология мен мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың жарқын көрінісіне айналды.
Іс-шара барысында қатысушылар Достық аллеясында (Бейбітшілік аралы) қойылған көрмемен танысып, табиғи мұраны сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған осындай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
Осындай жобалардың Семей қаласында өткізілуі мәдени диалогтың дамуына ықпал етіп, жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назарын аударуға және орман экожүйелерін қалпына келтіру жолындағы бірлескен күш-жігердің маңызын насихаттауға мүмкіндік береді.