
Абай облысы бойынша Жалпыұлттық коалицияның өңірлік филиалы аймақтың еңбек ұжымдарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Кезекті кездесу Семей қаласындағы Цемент зауытының қызметкерлерімен өтті. Іс-шараға Семей қаласы мәслихатының төрағасы Еркен Сағандықов, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Ақмарал, сондай-ақ Alikhan Bokeikhan University проректоры Айрат Базенов қатысты.
Өз сөзінде Еркен Заманбекұлы Семей өңірінің рухани орталық ретіндегі айрықша рөлін, экологиялық қауіпсіздік пен әлеуметтік әділдіктің қадірін терең түсінетін өлке екенін атап өтті. Сонымен қатар 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында негізгі заң жобасында көзделген бағыттар кеңінен түсіндірілді: жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі болуы, экологиялық талаптардың күшейтілуі, азаматтардың құқықтарын сот арқылы қорғау кепілдіктерінің кеңеюі, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен әділ еңбекақының қамтамасыз етілуі.
Еңбек ұжымына арнаған сөзінде спикер зауыт ұжымына түсінікті салыстыру келтірді: кез келген ғимараттың беріктігі цемент сапасына байланысты болса, мемлекеттің беріктігі — азаматтардың оның құқықтық негізін қалыптастыруға қатысуына байланысты.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Кәсіпорын ұжымы өзекті сұрақтарына жауап алды.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.