
«Ғылым – қоғам игілігіне» айдары аясында отандық ғалымдардың ғылыми жобалары туралы жарияланымдар топтамасын жалғастырамыз. Бүгін ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруға бағытталған зерттеу туралы баяндаймыз. Қазақстандық ғалымдардың әзірлемесі ауыл шаруашылығы алқаптарын суару мүмкіндігін кеңейтуге, жерүсті және жерасты суларын ұтымды пайдалануға, сондай-ақ аграрлық сектордың климаттық өзгерістерге төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жаңа ғылыми жоба жүзеге асырылады. Satbayev University жанындағы У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдар тобы жерүсті және жерасты суларын кешенді пайдалануға негізделген инновациялық суару жүйесін әзірлеп жатыр. Зерттеу нәтижелері су тапшылығы жағдайында фермерлердің суға қолжетімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ғалымдар су қоймаларынан табиғи сүзгілену арқылы толыққан жерасты суларын суармалы егіншілікке арналған қосымша әрі сенімді су көзі ретінде пайдалану мүмкіндігін зерттеп жатыр. Мұндай тәсіл су ресурстарын ұтымды пайдалануға ғана емес, сонымен қатар аграрлық сектордың климаттық өзгерістерге бейімделуіне де ықпал етеді.
«Су жинақтаушы тоғандардың есебінен қоры толықтырылатын жерасты сулары жерүсті суларымен қатар ауыл шаруашылығында тиімді пайдаланылуы мүмкін. Осы болжамды тексеру үшін біз тәжірибелік учаске құрып, кешенді зерттеулер жүргіздік. Алынған нәтижелер фермерлерге суарудың жаңа көздерінің әлеуетін алдын ала бағалауға және әзірленген технологияны өз шаруашылықтарында қолдануға мүмкіндік береді», – деді жоба жетекшісі, Өңірлік гидрогеология және геоэкология зертханасының меңгерушісі Тимур Рахимов.
Жоба аясында «Шалқар», «Саймасай-1» және «Саймасай-3» су жинақтаушы тоғандарындағы гидротехникалық құрылыстар жаңғыртылды. Су беру көлемін реттеу үшін бес қалқанды ысырма орнатылып, нәтижесінде су ағындарын басқару тиімділігі артты және 620 гектардан астам ауыл шаруашылығы жерін суару мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар зерттеу аумағындағы жерасты суларының режимін бақылау мақсатында су деңгейі мен температурасын үздіксіз қадағалайтын датчиктермен жабдықталған бақылау ұңғымалары бұрғыланды. Жүргізілген зерттеулер жерасты суларының тамшылатып суару жүйелері үшін сенімді су көзі бола алатынын растады.
Зерттеушілер ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен зерттеу аумағының цифрлық топографиялық картасын жасады. Қазіргі уақытта мамандар бақылау ұңғымалары мен қашықтан мониторинг деректерін біріктіретін гидродинамикалық модель әзірлеп жатыр. Бұл модель жерасты сулары деңгейі мен сапасының өзгерістерін болжауға, сондай-ақ аталған технологияны Қазақстанның өзге өңірлерінде енгізу перспективаларын бағалауға мүмкіндік береді.
Жоба қорытындысы бойынша су үнемдеу технологияларын енгізу, жерасты су ресурстарын ұтымды пайдалану және цифрлық геоақпараттық деректер базасын қалыптастыру жөнінде ғылыми ұсынымдар әзірленеді. Зерттеу нәтижелері еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға, суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға және аграрлық сектордың климаттық өзгерістерге бейімделуіне елеулі үлес қосады деп күтіледі.
Жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді. Ол су ресурстарын ұтымды пайдалануға, ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз етуге және Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.