«Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдарының бүгінгі шығарылымы ғылымды тау-кен байыту саласының нақты өндірістік міндеттерімен ұштастыра білген ғалым әрі тәжірибелі басшы Қанай Рысбековке арналады. Ол 1995 жылы Сәтбаев университетін «Тау-кен инженері-маркшейдер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын осы жоғары оқу орнында «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасында тағылымдамашы-ассистент ретінде бастаған. Бүгінде Қанай Рысбеков – білікті педагог, ғалым.
Қанай Рысбековтің ғылыми-педагогикалық қызметінің басым бөлігі Сәтбаев университетімен тығыз байланысты. Ол «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы және доцент болып қызмет етті, кейіннен университетте тау-кен бағыты бойынша бірқатар маңызды құрылымдарды басқарды.
Әр жылдары Ө.А.Байқоңыров атындағы Тау-кен институты директорының орынбасары, Тау-кен металлургия институтының директоры, «Тау-кен ісі» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бүгінде ол Ө.А.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтын басқарады.
2003 жылы Қанай Рысбеков «Тау-кен ісі, мұнай-газ геологиясы, геофизика, маркшейдерлік іс және жер қойнауы геометриясы» бағыты бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2009 жылы «Геодезия және маркшейдерия» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алды, ал 2023 жылы оған профессор атағы берілді.
Қанай Рысбековтің ғылыми жетістіктері халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Оның Scopus базасындағы Хирш индексі – 21, Web of Science базасында – 11, ал Google Scholar жүйесінде – 35. Ол 150-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде Қазақстан Республикасының 12 патенті, бір еуразиялық және бір шетелдік патент бар. Ғалымның бес ғылыми әзірлемесі Derwent Innovations Index базасына енгізілген. Сонымен қатар 4 оқулық, 7 монография және 8 ғылыми-әдістемелік құрал жарық көрді. Оның ғылыми жетекшілігімен 5 PhD докторы және 10-нан астам магистр дайындалып, өз диссертацияларын қорғап шықты.
Оның ғылымға қосқан зор үлесін кәсіби қауымдастық та жоғары бағалайды. Қанай Рысбеков – «ЖОО-ның үздік оқытушысы» (2022) атағының иегері, сондай-ақ ERG компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған «Алтын Гефест» салалық байқауында «Жыл педагогы» номинациясының жеңімпазы (2023) атанды. Ал 2025 жылы оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекеттік ғылыми стипендиясы берілді.
Гранттық және мегагранттық жобалар аясында ғалымның жетекшілігімен сегіз заманауи зертханасы бар инженерлік-инновациялық орталық ашылды. Бүгінде оның зерттеу нәтижелері өндірісте белсенді түрде қолданылып келеді.
Қанай Рысбековтің ғылыми еңбектері пайдалы қазбаларды өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды әрі кешенді игеру мәселелеріне, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған. Оның зерттеулері тау-кен өндірісі аймақтарындағы тау жыныстарының геодинамикалық және геотехникалық жағдайын кешенді түрде бағалауға бағытталған.
Осы зерттеулердің арқасында тау массивінің тұрақсыздану үдерістерін тек сыртқы деформациялар арқылы ғана емес, сонымен қатар терең құрылымдық механизмдерді түсіну арқылы да бағалауға мүмкіндік туды. Далалық өлшемдер мен цифрлық модельдеуді ұштастыру ықтималды сырғу беттерінің геометриясын дәлірек анықтауға және деформациялардың даму механизмдерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Зерттеулер барысында тау жыныстарының беріктік параметрлері нақтыланып, жарықшақтылық факторлары ескерілді, бұл карьерлердің орнықтылығын болжауға сенімділікті айтарлықтай арттырды.
Оның ғылыми жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстанда пайдалы модельге патент алынды. «Мәжбүрлі орталықтандырудың стационарлық пункті» атты № 10736 патенті 2025 жылғы 18 наурыз күні тіркеліп, 2025 жылғы 20 маусым күні жарияланды. Бұл құрылғы геодезиялық бақылаулардың дәлдігін арттыруға және ұзақ мерзімді мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінде бұл технология өндірісте кеңінен қолданылып келеді.
Қанай Рысбековтың ғылыми еңбектері геомеханикалық диагностика, тәуекелдерді басқару және өнеркәсіп қауіпсіздігі салаларында маңызды ғылыми әрі практикалық негіз қалыптастыруда. Ал халықаралық жарияланымдар мен патенттер бұл зерттеулердің деңгейі жоғары екенін және қолданыста олардың құндылығы зор екенін дәлелдейді.