
Батыс Қазақстан аумағынан табылған теңіз бауырымен жорғалаушыларының қалдықтары ежелгі мұхит тарихынан сыр шертеді. Отандық ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде теңізде тіршілік еткен жойылып кеткен жануарлардың жаңа түрлері анықталып, юра дәуіріндегі мұхиттардағы тіршілік әлемі жан-жақты зерделеніп келеді. Бүгін бұл туралы «Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдары аясында айтып өтеміз.
Жәмилә Якупова – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, білім беру саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келетін ғалым.
Ол Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Экология және табиғатты пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде экология магистрі дәрежесін алған. Сондай-ақ Қазан федералдық университетінің аспирантурасын «Қазақстан Республикасының Батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аумақтарындағы кейінгі юра және ерте бор дәуірі ихтиозаврлары» бағыты бойынша аяқтаған.
2025 жылы Батыс Қазақстан мен оған шекаралас аумақтардағы кейінгі юра және ерте бор дәуірі ихтиозаврларына арналған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Жәмилә Болатқызының ғылыми қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі 2023-2025 жылдары «Жас ғалым» гранттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Батыс Қазақстандағы қазба теңіз рептилияларының биоалуантүрлілігін зерттеу» жобасы болды. Зерттеу барысында алғаш рет Батыс Қазақстан мен Орта Еділ өңірі аумағындағы теңіз бауырымен жорғалаушылар өкілдеріне, соның ішінде Kazakhstanosaurus және Nannopterygius туыстарына жан-жақты сипаттама берілді. Бұл кейінгі юра дәуіріндегі теңіз экожүйелерінің эволюциясын қайта қалпына келтіруге және Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы ежелгі теңіздер арасындағы палеобиогеографиялық байланыстарды анықтауға мүмкіндік берді.
Kazakhstanosaurus туысы үшін типтік орын ретінде танылған әрі халықаралық маңызға ие Щучкино қонысы ерекше ғылыми құндылыққа ие. Жоба аясында морфологиялық және жүйелік зерттеулер жүргізіліп, қазба қалдықтарының цифрлық 3D-модельдері жасалды, деректер базасы қалыптасып, «Батыс Қазақстанның теңіз рептилияларының қазба қалдықтары» атты ғылыми атлас жарық көрді. Аталған атлас бүгінде білім беру үдерісінде және мұражайлар жұмысында қолданылып келеді.
Зерттеу жұмыстарымен қатар Жәмилә Якупова жоғары білім беру саласының дамуына да елеулі үлес қосып келеді. «Жалпы геология» және «Палеонтология негіздерімен геология» пәндерінен дәріс оқып, ғылыми үйірмелерге жетекшілік етеді, студенттерді зерттеу жұмыстарына тартып, жаратылыстану ғылымдарына қызығушылық қалыптастырады. Оның қызметі геология, палеонтология және экология салалары бойынша жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді.
Жүзеге асырылған зерттеулер ел үшін практикалық мүмкіндіктер де ашады, атап айтқанда, палеонтологиялық нысандар қорғалатын табиғи аумақтар тізіміне енгізіліп, ғылыми-танымдық туризм мен мұражай экспозицияларының бір бөлігі ретінде дамытылуы, сондай-ақ табиғи мұраны сақтау стратегияларын әзірлеуде пайдаланылуы мүмкін. Осылайша, Жәмилә Якупованың еңбегі заманауи ғылыми жобалардың іргелі зерттеулерді, білім беруді және қолданбалы міндеттерді өзара ұштастыра отырып, Қазақстанның бірегей табиғи мұрасын ғылым, қоғам және экономика үшін маңызды ресурсқа айналдыратынын көрсетеді.
«Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдары аясында жаңа есімдерді біле отырыңыздар!